Қазақстанда қоғам қайраткерлері, журналистер мен блогерлерден тұратын "Цифрлық комиссарлар тобы" құрылды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Оның құрамында Тимур Бектұр, Ләйлә Сұлтанқызы, Өркен Кенжебек, Махаббат Есен, Яков Федоров, Айгүл Соловьева, Ринат Балғабаев, Евгений Кочетов, Ренат Ташкинбаев, Олжас Сәтиев, Диана Өкіремова, Жанна Мұхамади, Ерлан Сәкенов сындықоғам белсенділері бар. Олар тәуелсіз бақылаушы ретінде мемлекеттік органдардың "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жобалары мен бастамаларына қоғамдық негізде мониторинг жүргізеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен ХҚО жұмысы бойынша қызметті алушы-азамат тұрғысынан ескертулер мен ұсыныстар береді.
"Конструктивті сын – прогрестің қозғаушы күші немесе сырт көз-сыншы дегендей, әр білдірілген пікір мен ұсынымдар өз жұмысымызға сыни көзқараспен қарауға, нәтижелерімізді жақсарта түсуге ықпал етеді. Өздеріңіз білесіздер, біздің министрлік барлық мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі. Сондықтан біз цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижелерінің көрінісін, оның ішінде ескертулер мен ұсыныстарды көріп, біліп отырғымыз келеді. Мен IT-компаниялармен кездесіп тұрамын, бірақ бізге сол қызметтерді алушылармен өзара байланыс қажет", - деді кездесуде цифрлық комиссарлар тобын құру туралы бастама көтерген Асқар Жұмағалиев.
Алғашқы кездесуде қатысушылар елдегі цифрландыру жобалары бойынша пікірлерімен бөлісіп, Электрондық үкімет порталының қызметтері мен сервистерін оңайлату және ХҚКО жұмысы бойынша ұсыныстарын білдірді.
Цифрлық комиссарлармен кездесуде "ҰАТ" АҚ басшысы Әсет Тұрысов мемлекет тарапыпан көрсетілетін қызметтерді алу процесін түбегейлі жеңілдететін Электрондық үкіметтің жаңартылған мобильдік қосымшасымен таныстырды.
"Келесі аптада біз Электрондық үкіметтің жаңартылған қосымшасының beta-нұсқасын іске қосамыз. Бұл барлық мемлекеттік қызметтерді оңай әрі тез алуға мүмкіндік береді. Осы орайда, бізге сіздердің пікірлеріңіз өте маңызды", - деді министр цифрлық комиссарларға.
Сонымен қатар, келесі аптаның соңында Play Market және AppStore-да пайда болатын eGov mobile жаңартылған қосымшасының beta-нұсқасын тестілеуге барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Пікірлер мен ұсыныстарды press@mdai.gov.kz немесе әлеуметтік желілердегі eGov ресми аккаунттарына жіберуге болады. Цифрлық комиссарлармен өткен алғашқы кездесу соңында министр азаматтық ұстанымдары үшін алғысын білдіріп, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылау үшін осы құрамда тұрақты түрде кездесулер өткізілетінін хабарлады.