Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин өңірлерге қажетті көлемде көмірмен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен де бекітілген кестеден қалып қою жағдайлары да орын алуда. Коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір дайындау деңгейі әлі де төмен", - деп тоқталды Үкімет басшысы. Осыған байланысты Асқар Мамин тиісті тапсырмаларды берді.
Біріншіден, әкімдер жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді атқаруы керек.
"Ішкі нарықта бағаның өсуіне және көмірдің тапшылығына жол бермеу мақсатында өңір әкімдері 2 апта мерзімде көмір дайындайтын әрі оны сататын орындардың қазіргі жәй-күйін, жеткізу кестесін, көмір бағасының негізді болуын, сондай-ақ оның сапасы белгіленген тәртіппен тексеру қажет. Индустрия министрлігі ҚТЖ компаниясымен бірге көмір жеткізу үшін қажетті көлемдегі вагондардың дайын болуын қамтамасыз етсін", - деді Премьер-министр.