ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері және әуе билеттерінің бағасын одан әрі төмендету шаралары қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Саладағы жағдай туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, "Самұрық-Қазына" АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ Алпысбаев, ҚР энергетика министрі Қ.Бозымбаев, "Эйр Астана" АҚ президенті П.Фостер баяндады.
Қазақстанда жолаушыларды авиа тасымалдау көлемі өсуде — осы жылдың 8 айында азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық.
Ұшу географиясы кеңейтіліп жатыр — Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шет елмен әуе қатынасын жүзеге асырады, соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға бағдарлар ашылды. 9 әлемдік қаржы орталықтарымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған.
Авиа билеттердің бағасын төмендету мақсатында арзан бағалы әуе компаниясы – "FlyArystan" лоукостері ашылды, онда осы жылдың мамыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатылды, олардың 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минималды тарифтер бойынша сатылған. Жақын уақытта Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына билет бағасы 5999 теңгеден басталатын жаңа рейстер ашылады. Павлодарға опциондық тарифтер 999 теңгеден бастап сатылуда. 2020 жылдың соңына дейін лоукостер Мәскеуге халықаралық байланыстар аша отырып, көптеген өңір орталықтарына ұшатын болады.
"Самұрық-Қазына" АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ. Алпысбаевтың айтуынша, "FlyArystan"-ның орташа тарифі 1 шақырымы еуропалық лоукостерлер тарифтерінен 4 есеге төмен.
Биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылғы өндіріспен салыстырғанда 694 мың тоннаға немесе 1,8 есеге өсті. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді авиа қызметтермен қамтамасыз ету – Елбасы мен Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі", — деді А.Мамин.
Премьер-Министр 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды, осы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолағының реконструкциясын аяқтауды, белгіленген мерзімде Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын аяқтауды, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Үкімет басшысы отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін "ашық аспан" режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді тапсырды, бұл жаңа шетелдік авиакомпанияларды тартуға, бағыттарды көбейтуге, авиакомпаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл тиісінше авиабилет құнының төмендеуіне әсер етеді. Билет бағасының 20%-нан астамын авиа отын шығыстары құрайтыны белгілі, сондықтан ұлттық экономика, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне авиакеросинге баға белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Премьер-Министр "Самұрық-Қазына" қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды.
"Көріп отырғанымыздай, авиабилеттер бағасын төмендетуге бағытталған жұмыс нәтижелерін беруде. Бұл жұмысты барлық отандық авиакомпаниялармен бірлесіп жалғастыру қажет", — деп түйіндеді А.Мамин.