Бюджеттен бөлінген қаржыны уақтылы игермегендердің тізімінде бірқатар министрліктерпен бірге Жоғарғы Сот та бар, - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн 541 млрд теңгені немесе 99,8% құрады. 14,3 млрд теңгенің жұмысы орындалмаған. Ал мүлде игерілмеген ақша көлемі - 8,6 млрд теңге. Бұл - 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз көрсеткіш. Көп ақшаны игермеген құзырлы органдар мыналар: Экология және табиғи ресурстар министрлігі - 1,5 млрд теңге, Жоғарғы сот - 1,2 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі - 992 млн теңге, Сауда және интеграция министрлігі - 947 млн теңге, - деді Үкімет отырысында Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ақшаның уақытында игерілмеуіне басты себеп - конкурстық процедуралардың ұзаққа созылуы, орындалған жұмыс актілерін уақтылы тапсырмау, келісім-шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарға тіркеуге кеш әкелуі.
- Жыл басынан бері Қаржы министрлігі әкімшіліктердің бюджеттік бағдарлама бойынша міндеттемелерін уақтылы қабылдап, сол бағытта бөлінген бюджет қаражатын игерілуін жіті бақылап, қарап отыр, - деді министр.
Жергілікті бюджеттердің шығынына келетін болсақ, ол бұл бағытта 7 млрд теңгенің игерілмегенін хабарлады.
"Бюджет ақшасын дұрыс игермеген өңірлер: Алматы - 2,2 млрд теңге, Түркістан облысы - 1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары - 0,8 млрд теңгеден", - деді Смайылов.