Бағдат Мәнізоров Алматы төрінде хан сарайындай үйде жатыр

Дереккөздердің айтуынша, Медеу ауданына қарасты Исатай Тайманов көшесінде орналасқан төмендегі үй Алматы облысы әкімі орынбасарына тиеселі екен.

"Azattyq Rýhy"тілшісі Бағдат Мәнізоровтың Алматыдағы зәулім баспаналардың бірінде тұратынын анықтады.

Құзырлы органдар соңғы 20 күннен бері Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты нақты ақпарат беруге асықпай отыр. Алайда оның соңғы жұмыс орнынан ақысыз еңбек демалысқа шыққаны белгілі болды. Бұл туралы "Azattyq Rýhy" тілшісі хабарлайды.

"Бағдат Сайланбайұлы 14 қазаннан бастап айдың соңына дейін ақысы төленбейтін еңбек демалысына шықты. Бірақ оның нақты қайда екені белгісіз, ал тергеу жүргізіп жатқан құзырлы органдардан облыстық әкімдікке қандайда бір ресми құжаттар түскен жоқ", - дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Бұған дейін облыс әкімдігінің өкілдері 30 қыркүйектен бастап Б.Мәнізоровтың денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздық қағазын аштырғанын айтқан еді.

Біздің тілшілер Бағдат Мәнізоровтың Алматыдағы зәулім баспаналардың бірінде тұратынын анықтады. Дереккөздердің айтуынша, Медеу ауданына қарасты Исатай Тайманов көшесінде орналасқан төмендегі үй Алматы облысы әкімі орынбасарына тиеселі екен.

Үйді мамандандырылған күзет фирмасының қызметкерлері күзетеді. 2GIS - Maps&Navigationқалалық ақпарат қызметінің спутниктік түсіріліміне қарағанда, "Горный Гигант" ықшам ауданындағы жердің аумағы кең, ал негізгі үй төрт деңгейлі етіп салынған. Ауласында қосалқы шаруашылық үйі, гүлзарлар мен субұрқақ орналасқанын байқауға болады.

Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың "қамалғаны" туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: