Жамбыл облысындағы 9 айдың көрсеткіші көңіл қуантады

Жиынның күн тәртібіне бірқатар мәселелер қойылып, алдымен облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының атқарылу барысы қаралды.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыс экономикасының барлық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Жиынның күн тәртібіне бірқатар мәселелер қойылып, алдымен облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының атқарылу барысы қаралды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашов жоба аясындағы пилоттық он ауылдық округтер бойынша бекітілген жұмыс алгоритмнің орындалуы туралы баяндады.

Басқарма басшысы жобаға қатысушылардың өтінімдерін қабылдаудың күнделікті жоспары белгіленгенін айтып, ол бағытта қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде "Тараз" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 1020 құжат өткізіліп, оның 947-і қабылданған. 73 құжат қайта қаралуға жіберілген. Сондай-ақ, сатып алынатын мал басының, тұқым мен тыңайтқыштың, жем-шөптің жоспарлы көрсеткіші мен құрылған кооперативтердің қажетті техникамен қамтылу жүйесі де жасақталуда.

Асқар Исабекұлы Үкіметте бекітілген тиісті қаражаттың келер айдың басында түсетінін тілге тиек етіп, құжат қабылдау шаралары бірінші қарашаға дейін толығымен аяқталу керектігін ескертті. Ол бойынша жоспардан кешігуі бар аудандардың сылбыр жұмыстары сынға алынып, нақты тапсырмалар жүктелді. Облыс басшысы құрылған кооперативтердің техника базаларының орналасу аймағына көңіл бөліп, алдағы уақытта ауылдық округтер маңынан шағын қайта өңдеу цехтарын салудың маңыздылығына тоқталды. Ол бойынша жоспарлы жұмыстарды қазірден жүйелей беру керектігін тапсырды.

Бас қосудағы екінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Ол үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс экономикасының барлық салаларында оң көрсеткіштер орын алып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, экономикалық өсім бірінші жартыжылдық қорытындысымен 3,3 пайызды құраса, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,6 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Сол секілді өнеркәсіп саласындағы өсім 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсімі 5,0 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,3 пайызға, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табыстары нақты 12,2 пайызға артқан.

Аймақ басшысы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстың экономикалық дамуы Үкіметте оң бағаланғанын айтып, жыл соңына дейін осы жоғары динамиканы сақтап тұруға барынша күш салу керектігін ескертті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: