ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды. 10 айдағы энергетика кешенінің даму нәтижелері туралы энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, осы жылғы 10 ай қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 74,8 млн тоннаны құрады.
"Биыл үш ірі мұнай-газ жобасында күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды: Қашағанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспардан 15 күн бұрын аяқталған; Теңізде – 3 күн бұрын аяқталды, Қарашығанақта жөндеу жұмыстары 2019 жылғы 15 қыркүйектен 13 қазан аралығында өткізілді. Негізгі өндірістер тоқтатылғанына қарамастан, осы жобалардағы өндіру қарқыны жоспардан аса орындалуда", — деді бірінші вице-министр.
Осы жылдың 10 айы ішінде Қашағанда 11,5 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 7,4 % өсім көрсетуде және жоспардан 6,4% артты. Теңізде 24,6 млн тонна мұнай өндірілді.
Досмұхамбетов республикада жылдық өндіру көлемі 90,5 млн тоннаға дейін көтеріледі деп болжайды.
"Осы жылдың 10 айы ішінде газ өндіру көлемі 46,3 млрд текше метрді құрады. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 1,5% өсім көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 10 айы ішінде мұнай өңдеу көлемі 14,17 млн тоннаны құрады. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 5% өсім көрсетіп отыр. Бірақ 10 айдың жоспарынан 1,2% төмен. Бұл ретте, 2019 жылдың жоспары 17 млн тонна, болжам 17,1 млн тоннаға дейін көтерілді", — деді ол.
Негізгі мұнай өнімдері – бензин, дизель отынын, әуе отынын және мазут бойынша өндіру көлемі 10,5 млн тоннаны кұрап отыр.
"Автобензин өндіру көлемі еліміздің ішкі тұтынуын толық қамтамасыз етеді. Осы жылы шілде айынан бастап автобензин экспорты басталды, экспорт көлемі 42,6 мың тоннаны құрады. Жалпы, мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды", — деді бірінші энергетика вице-министрі.
Биылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда Аи-92 маркалы бензиннің бөлшек сауда бағасы – 148,5 теңгені құрайды.
Әуе отынын өндіру көлемі 524,5 мың тоннаны немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 182% құрап отыр. Дизель отыны 4,1 млн тонна өндірілді немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 108,1% көрсетіп отыр. Биылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда жазғы дизель отынына бөлшек сауда бағасы 193 теңгені құрайды.
11 қараша жағдайы бойынша еліміздің ішкі нарығында жанар-жағармай қалдықтардың қоры: Аи-92 бензины – 185,2 мың тонна, дизель отыны – 133,1 мың тонна құрап отыр.
Дизель отынын жеткізу графигі бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 394 мың тонна, оның ішінде 8 қараша күніне – 366,5 мың тонна немесе 92,8% тиеп-жөнелтілді.