ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин және Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов Ақтау қаласында өткен Каспий теңізінің түбінде екі ел арасындағы байланыстың талшықты-оптикалық желісін салу бойынша "Trans Caspian Fiber Optic"-тің құрылысын бастаудағы салтанатты рәсімге қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоба трансқұрлықтық бола отырып, Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құрады. Каспий теңізінің түбінде ұзындығы 380-400 шақырымға жуық болатын кабель тарту жұмыстарын "Транстелеком" АҚ, "KazTransCom" АҚ және "AzerTelecom" әзербайжан байланыс операторы жүзеге асырады. Талшықты-оптикалық байланыс желісі 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі, ол кемінде 4-6 терабит/с сыйымдылықпен ақпараттарды жеткізуге мүмкіндік береді.
"Әзербайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев және одан кейін АР Президенті Ильхам Алиев достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларын орнатқан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саяси бағдарын жалғастыра отырып, Әзербайжанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытып, тереңдетуге ерекше көңіл бөледі", — деді Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы "Trans Caspian Fiber Optic" бірлескен жобасы деректерді берудің жылдамдығы жоғары және қорғалған инфрақұрылымын дамытудың жоғары деңгейіне шығуға, жетекші Еуропа-Азия магистралды бағыттарының қатарына кіруге және әлемдік деректер транзитінде лайықты орын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мамин және Асадов екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы, ғарыш және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр А. Мамин метанол және олефин өндіретін зауыт құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты. Жобаны сингапурлық "WestGasOil" компаниясы жүзеге асырады, инвестициялар көлемі – 1,8 млрд доллар. Зауыттың қуаттылығы – жылына 300 мың тонна метанол мен 600 мың тонна олефин. Құрылыс кезеңінде 4000 жұмыс орны құрылады, 2023 жылы пайдалануға берілген соң кәсіпорын персоналы 650 адамды құрайтын болады.
Үкімет басшысы "Aktau Resort Hotel" көпфункционалды қонақ үй-туристік кешеннің салыну барысымен, сондай-ақ "ҚазАзот", "Mangystau Oil Refining" кәсіпорындарының және "Maga-Bread" нан-тоқаш зауытының жұмысымен танысты.
Асқар Мамин Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталыққа барып, Қазақстанның халық жазушысының музейі мен мемориалын аралады.