2019 жылы 20 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясына бастамашыл топ елімізде республикалық референдум өткізу жөнінде ұсыныспен шықты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР ОСК сайтына сілтеме жасап.
Н.У.Искалиев, А.К.Әбдіхалықова, М.Ж.Дәрібеков Орталық сайлау комиссиясының қарауына референдумды не үшін өткізу мәселелерін ұсынып, бастамашыл топты тіркеу үшін құжаттар пакетін өткізді.
Өтінішпен бірге 62 адамды құрайтын референдум тағайындау туралы мәселе бойынша бастамашыл топты құру туралы жиналысқа қатысқан тұлғалардың тізімі және деректері көрсетілмеген 2019 жылғы 10 қарашадағы жиналыстың хаттамасы ұсынылды.
Сондай-ақ оған республикалық референдумның бастамашыл тобы отырысының 10 қарашадағы хаттамасы, бастамашыл топ мүшелерінің деректері көрсетілген тізімі және референдумға ұсынған мәселелер енгізілді:
1) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде пропорциялық жүйемен тең мөлшерде бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?";
2) "Саяси партиялар туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде партияны мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелірінің санын 40 мың адамнан 1 мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?".
"Аталған құжаттарды ҚР Орталық сайлау комиссиясы "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң талаптарын сақтай отырып, заңнамамен белгіленген мерзімде қарайтын болады" делінген бұған жауапта.