Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін мемлекеттік бағдарламалар өте тиімді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Қызылтам қыстағындағы "Диас" шаруа қожалығының басшысы Мөлдір Байсақалова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан "Сыбаға" бағдарламасымен 10 млн теңге несие рәсімдеп, оған 260 бас қой мен 9 қошқар және малдың жем-шөбін сатып алған. Алдағы уақытта малының санын көбейтіп, қой еті экспортына үлес қоспақ. Ол үшін ет экспортымен айналысатын "Оңтүстік халал тағамдары" ЖШС-мен келісімшартқа отырып та қойыпты.
Ал, Жамбыл ауданының Ерназар ауылына қарасты Бөгөткел қыстағын жайлаған жеке кәсіпкер Ақжол Теңгебаев Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан "Игілік" бағдарламасы арқылы 4 млн теңге несие рәсімдеп, 110 бас саулық пен 4 қошқар сатып алған. Мал санын көбейткен соң ол да ет экспортына үлес қоссам дейді.
- Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Сыбаға" несие өнімі арқылы қой шаруашылығына 12 млн теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6 %-пен беріледі. Тиімді сыйақы ставкасы 6,7 % аспайды. 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Сондай-ақ, "Игілік" несие өнімі арқылы 6 %-пен 4 млн теңгеге дейін несие беріледі және 9 ай жеңілдік мерзімі бар. Қордың Жамбыл облысындағы филиалы биыл 0ой шаруашылығын дамытуға 374 шаруаға 2,2 млрд теңге несие берген болатын. Бұл қаржыға 48 мыңнан астам қой сатып алынды, - дейді Жамбыл филиалы директорының орынбасары Ринат Абдуллаев.
Биыл Қордың құрылғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 312 млрд теңге болатын 152 мың несие берілді. Ағымдағы жылы барлық бағыттар бойынша 53,2 млрд теңгені құрайтын 12 мың жоба қаржыландырылды.