Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында үйде оқуға мүмкіндік бар, бірақ біз балалардың мектепте білім алуын, ортаға бейімделуін қолдаймыз, деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкіметтегі баспасөз конференциясында, деп хабарлайды zakon.kz.
Баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министріне Батыста және көршілес Ресейде кеңінен қолданысқа ие оқушылардың ата-анасы мектептен бас тартып, үйден оқуды қолдайтын unschooling қозғалысы туралы сұрады.
- Рас, ондай қозғалыс немесе тренд бар. Оны home schooling дейді. Батыс елдерінде де, Ресейде де ол кәдімгідей жақсы дамып келеді. Бұл жағдайда, жалпы алғанда, қолданыстағы заңнама аясында тиісті медициналық анықтамасы бар балалар үшін үйде оқуға рұқсат бар деп айта аламыз, - деп жауап берді Аймағамбетов.
Министр ол үшін арнайы жағдайлар қарастырылғанын айтады, мысалы мұғалім үйге келіп, баланың білім алуы үшін жеке бағдарлама түзеді.
- Жалпы, біз балалардың ортаға бейімделіп, өз құрдастарымен құлан-тайдай тебісіп, бірге жүріп білім алғанын, мінез-құлқының көпшіл ортада қалыптасқанын, өмірлік дағдыларды игергенін қалаймыз. Біз мектепте білім алу маңызды деп санаймыз. Біз баланың мектеп баруды қалап тұру, ұнатуы үшін барлық жағдай жасаймыз, - деді министр.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күні медициналық көрсетілімдері жоқ балаларға арналған білім берудің бұл түрін ресми түрде тану мәселесі қаралып жатқандығын да растады.
- Мұндай мәселелер қарастырылып жатыр, біз ол бойынша шешім қабылдайтын боламыз, - деп сөзін қорытындылады Білім және ғылым министрі.