"Жаңа жыл" қарсаңында Алматы облысының полицейлері қызметтік борышын атқару кезінде қайтыс болған әріптестерінің отбасыларына барып, балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, Талдықорған қаласында "Жастар" спорт кешенінде өтетін мерекелік шараға арнайы шақырды", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Облыстың бас полицейі Мұрат Ұрұмханов пен оның орынбасары Ораз Жолдасов 2006 жылы қылмыскерді полицияға жеткізу кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Алмас Әлиновтің, 2008 жылы қарулы қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан Ғалым Тәттімбетовтің және 2013 жылы қарулы қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан арнайы жасақ сарбазы Ержан Ахметовтің отбасына кіріп, бүлдіршіндерге әкелерінің ерлік істері туралы айтты.
Полиция генералы қызметкерлердің батырлығы үшін отбасына алғысын білдіре отырып, балаларына әкелерінің іс-әрекеттерін мақтан тұтып, олардың білімді әрі тәртіпті болуы керегін атап өтті.
Алматы облысы полицейлерінің балаларына арналған "генерал шыршасы" 200 астам баланың басын біріктіріп, бүлдіршіндерге шаттық сыйлады. Әсем безендірілген залда әдемі киінген Аяз ата мен Ақшақар өнерлі балаларға елді тәнті етуге мүмкіндік берді.
Жаңа жылдық шарада бүлдіршіндерге арналған ертегі қойылып, әр жылдың иесі өз маңыздылығын көрсетті. Әдемі әндер айтылып, билер биленді. Жаттаған тақпақтарын айтып, Аяз атаның көңілін тапқан балалар тәттілерге ие болды. Мерекелік кештің соңында балалар Аяз атаның қолынан тәттіге толы қалталарды алды.