ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына және "Digital Almaty" форумына қатысу үшін Алматы қаласына келген Беларусь Премьер-министрі Сергей Румаспен және Молдова Премьер-министрі Ион Кикумен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Беларусь Премьер-министрі Сергей Румаспен кездесуде инвестициялық, индустриялық, агроөнеркәсіптік, энергетикалық, транзиттік-көліктік, әскери-техника салаларындағы, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.
"Бүгінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді үлгісін көрсетеді. Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси диалог орнатылған, терең экономикалық байланыстар қалыптасқан, ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара іс-қимыл тиімді дамып жатыр", — деді Мамин.
Аталған елдер өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Олардың ішінде — "ҚазБелАз" БК базасында "БелАз" карьерлік техникасын құрастыру, "АгромашХолдинг" базасында комбайн және "Hyundai Trans Auto" ЖШС базасында "МАЗ" автотехникасын шығару, сондай-ақ "Алатау" лифт жасау компаниясы" базасындағы лифтілер өндірісі.
ҚР ПремьерvМинистрі өндірістік кооперацияны кеңейтуге және Қазақстан аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру деңгейін арттыруға қызығушылықтың бар екенін жеткізді.
Молдова Премьер-Министрі Ион Кикумен кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.
"Біздің елдер арасында сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая түсуде. Әр түрлі аймақтық алаңдарда біздің мемлекеттер басшыларының кездесулерінің тұрақты түрде өтуі Қазақстан – Молдова ынтымақтастығын нығайтуға өзара мүдделіліктің бар екенінің айғағы", — деді Мамин.
Қазақстанда молдаван тарапының қатысуымен 70-ке жуық заңды тұлғалар, бөлімшелер мен өкілдіктер жұмыс істейді.
ҚР Премьер-министрі Қазақстанның Молдовамен сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуы үшін елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.