Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz Elbasy.kz ресурсына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Елбасы Михаил Мишустинді жауапты және маңызды лауазымға тағайындалуымен құттықтады.
- Сіз бұл жұмысқа өте қиын уақытта келдіңіз. Қазіргі жағдай оңай емес. Қызметтегі мол тәжірибеңіз жаңа лауазымда пайдасы тиеді деп сенемін. Кеше Алматыда болдыңыз, онда цифрландыру және жасанды зердені дамыту мәселелері талқыланды, - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресей Федерациясымен тату-тәтті көрші қарым-қатынасын орнатқанын атап өтті.
- Мен қызмет еткен барлық кезеңімде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға барынша тырыстым. Бүгінгі таңда біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз баршаға үлгі деп санаймын әрі әрқашан солай болғанын қалаймын, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Михаил Мишустин өз кезегінде Елбасыға кездесу үшін алғысын білдірді және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің атынан жылы құттықтау лебізін жеткізді.
- Мен алғашқы шетелдік сапарымды символдық түрде Қазақстаннан бастадым. Бізді мызғымас достық қарым-қатынас байланыстырады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресей Федерациясы Президентінің ізгі тілектерін жеткізгім келеді, - деді РФ Премьер-министрі.
Кездесу барысында тараптар ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықты дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыру және осы өңірдегі елдер арасындағы сауда-саттық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне назар аударды.