Үкіметте бизнес ахуалды жақсарту бойынша нақты шараларды талқылаған жиын өтті

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін "Бір терезе" қағидаты негізінде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдететін "Бизнеске арналған Үкімет" жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.

Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев және ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады.

ҚР Үкіметінің ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, ҚР кәсіпкерлікті қолдау "Бизнестің жол картасы", "Еңбек" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. 2019 жылы осы бағдарламалар аясында 5903 жоба бойынша қаржылық қолдау көрсетілді, оның 3700-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға және 2200-і жаңа өндіріс орнын құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталды.

2019 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 29,5%-ды құрады. Өткен бес жылда әкімшілік кедергілерді және бизнестің түрлі операциялық шығындарын қысқартуға бағытталған заңнамалық бастамалардың 7 пакеті қабылданды.

Қабылданған реформалардың нәтижесі — Қазақстанның бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Дүниежүзілік банктің "Doing Business" рейтингісінде әлемнің 190 мемлекетінің арасында ТОП-25 үздік елдің қатарына кіруі болды.

Қазіргі уақытта бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық шаралардың 8-пакеті әзірленіп, Парламенттің қарауына жіберілді. Құжат шарттарды тіркеу рәсімін оңайлатуды (мөртабан қоюды жою), қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу тәртібін жеделдетуді (онлайн, 1 күн ішінде), 1 күн ішінде онлайн банктік шоттарды ашу мүмкіндігін, жекелеген рәсімдер бойынша хабарлау қажеттігін болдырмауды (МСҚБ, жол полициясы), ақпаратқа жария қол жеткізу арқылы мәмілелердің қауіпсіздігін арттыруды (тыйым салу, ауыртпалықтар, заңды тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы), бірқатар рұқсат беру құжаттарын бір пакетке біріктіруді және т. б. қарастырады.

"Үкімет алдына ШОБ рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кемінде 35%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу міндеті қойылды. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу және бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр", — деді А. Мамин.

Премьер-министр бизнесті дамытуға ықпал ететін және азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыратын шаралар мен бағдарламалардың тиімділігін атап өтті.

"Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы әрі тиімді шешу үшін үйлесімді жұмысты қолға алу керек. Осыған байланысты бизнес ахуалды жақсарту бойынша 8-ші шаралар пакетін қабылдауды жеделдетіп, осы жылдың 1 маусымына дейін Парламентте тиісті жұмыстарды жүргізу қажет", — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін "Бір терезе" қағидаты негізінде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдететін "Бизнеске арналған Үкімет" жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: