ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі өзінің парақшасында еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Құрметті достар, медицина қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, медициналық ұйымдардың басшылары, санитарлық қызметтің мамандары, университеттер мен ғылыми орталықтардың қызметкерлері, жалпы, қаңтар айынан бері тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істеп жүрген әріптестер!
Жұмыстан қатты шаршап, эмоциялық тұрғыда әлсірей бастағандарыңызды да білемін. Араларыңызда қаншама адам өз үйіне барып, балаларын құшақтай алмай қиналып жүр.
Кейбіріңізде қорқыныш бар, енді біріңіз ренжисіздер. Індетті жұқтырғандар да аз емес.
Бірақ, бұған қарамастан, сіздер бас көтермей еңбек етудесіздер, күнде емдеуге, адам өмірін сақтап қалуға аттанасыздар.
Дәрігер ешқашан да атақ, даңқ, ақша үшін жұмыс істеген емес, адам өмірін ажалдан арашалап қалу - біздің күнделікті кәсіби міндетіміз. Басқа жол жоқ. МЕН СІЗДЕРМЕН МАҚТАНАМЫН!
Сіздерді сөзбен емес, ісімен қолдап жүрген отандастарымызды мақтан тұтамын. Азаматтар қарттарға тамақ пен дәрі-дәрмек таратуда, қолынан келгендер маска тігуде, жүк тиеген ұшақтардың ақысын төлеп жомарттық жасап жатқандар бар, әншілеріміз онлайн концерт беруде, тіпті, қарапайым ғана үйде карантинде отырып та қаншама адам көмектесуде.
Өкінішке қарай, қазір жасырын "сарапшылар" мен карантинде әбден зеріккен диван сыншылары да көп. Олар әлеуметтік желілердегі эфирлерді, жаңалықтарды пайдасы жоқ бос ақпараттармен толтырып, баға беруде, түсініксіз болжамдар жасап, ақылға қонымсыз ұсыныстар айтуда.
Сіздерден өтінемін, мұның бәрін жүрекке жақын қабылдамаңыздар, кез келген жағдайды шыдамдылықпен, кәсіби көзқараспен қабылдаңыздар.
Қазір қиын күндерді бастан кешудеміз. Төзімділік танытып, кәсіби тұрғыда әрекет етуіміз қажет. Жұмысқа ғана назар аударғанымыз абзал. Қазір көңілдің түбінде жатқан өкпе-ренішті қозғап, дауласатын уақыт емес. Індетті жеңіп, ел басына төнген сынақты еңсерген соң да, мәселе шешуге мүмкіндік болады.
Уақыт өтеді, эпидемия кетеді. Бұл кездер жайлы кітап жазылар, фильм түсірілер, қиын күндердің де ұмыт болары анық.
Бірақ, ауруханаларда жаны қиналған қаншама адамның қасында күні-түні дәрігерлер болды. Оны өздеріңіз білесіздер. Нағыз батыр – Сіздер.
Біз бұл вирусты да жеңеміз, мен оған сенімдімін.
Індетті біз бен сіздің кәсіби біліктілігіміз, ғылым мен тәртіп жеңеді!
Өздеріңізге сақ болыңыздар!