Алматыда блокпост арқылы заңсыз өтіп, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 5 адам 10-нан 15 тәулікке дейін қамау түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық төрт элиталық автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Кортеждің тағы екі қатысушысы іздестірілуде, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған фактіге жол берген және олардың жолын кесу бойынша ешқандай шара қабылдамаған полиция қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.
Сонымен қатар, криминалдық полиция басқармасының бастығы Ж.Зиадин, сондай-ақ патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Е.Қуанышбаев қызметтерінен босатылды.
21 сәуірде өңірлік бөлімшелер басшыларымен өткен бейнеконференцбайланыс режиміндегі кеңесте Ішкі істер министрі осы факті бойынша өзінің принциптік ұстанымын айтты.
"Азаматтардың қауіпсіздігі мен құқық тәртібін қамтамасыз ету әрқашан ішкі істер органдары қызметкерлерінің басты міндеті болып қала береді. Төтенше жағдай режимін және карантинді бұзуға, әсіресе, жеке құрам тарапынан жол берілмейді. Мұны қатардағы қызметкерлер де, олардың басшылары да есте сақтауы керек. Бұл талап барлығына да бірдей", - деп атап өтті ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.