Облыстық полицияның Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Алматы облысы аумағындағы шектеу және блок бекеттерде тұрғындардың, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін болдырмау және оның алдын алу шараларын белсенді жүргізуде, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Алматы облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілдері бір топ тұлғаның карантин аймағының шекарасын заңсыз кесіп өтуге оқталғанын әшкереледі.
"Қарасай ауданындағы Көкөзек ауылы маңында карантин кезінде жолаушыларды заңсыз тасымалдау дерегін тексеру кезінде тәртіп сақшыларының назарына 5 адамнан құралған топтың әрекеті күдік тудырған. Олар Алматы қаласының аумағынан Алматы облысына блок-бекеттерді айналып, жасырын өтуге тырысқан. Сонымен қатар, полицейлер заңсыз өтушілерді алдын ала келісім бойынша белгіленген жерде күтіп тұрған такси жүргізушісін де ұстаған", - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Әсет Карменов.
Ұсталған бес азамат пен кәмілетке толмаған жасөспірімнің анасына төтенше жағдай тәртібін бұзу дерегі бойынша ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Толтырылған хаттама сотқа жіберіліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.