Алматы тұрғыны Ләззат Дүйсембекова ағасының қауіпті кеселден көз жұмғанына сенбейді. Оның айтуынша, жарты жылдан бері бауыр циррозына шалдыққан ағасы ауруханаға түсіп, одан бірден СOVID-19 вирусы табылыпты. Бірақ марқұмның туыстары тест қорытындысын көрмегендіктен, көңілдеріне күдік ұялаған. Жалпы, ел арасында коронавирустан қайтыс болғандардың санын "әдейі көбейтеді" деген қауесет тарап жүр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ағасының ажалы коронавирустан келеді деген ой Ләззат Дүйсембекованың төрт ұйықтаса түсіне кірмепті. Жарты жыл бұрын бауыр циррозына шалдығып емделіп жүрген 58 жастағы ағасының қан қысымы төмен түсіп, туыстары бір апта бұрын жедел жәрдемге қоңырау шалған. Бірақ өзегі өртенген әйел сол кезде дәрігерлерді шақырғанымызға әлі күнге дейін өкінеміз дейді.
Ләззат Дүйсембекова, марқұмның қарындасы:
- Тез болып кетті. Анализ тапсыртқызып, "коронавирус" деп тез анықтап, тез жұқпалы ауруханаға ауыстырды. Соның бәрі көкейіме күдік тудырды. Сап-сау болып, коронавирус белгілері анықталса түсінер едім. Бірақ бұл өзі бауырымен әлек болып жүрген адам. Тест қорытындысын да көрмедік. 24 күні таңғы сегізде қайтыс болғанын естідік.
Қайғыдан қан жұтқан әйел ет жақыны жұқпалы дерттен көз жұмғанына сенбейді. Сондықтан ағасы мен туыстары дәстүр бойынша қоштасып, дұрыстап жер қойнына тапсыру керекпіз деп күйінеді. СOVID-19 вирусынан қайтыс болғандардың көңілсіз көрсеткішін қолдан көбейту – барып тұрған бассыздық дейді ол. Расымен де, "ажалы басқа аурудан келсе де, коронавирус құрбаны деп жазады" деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство өкілдері өліммен аяқталатын оқиғаларды арнайы комиссия зерттейтіндіктен, ондай жайтқа жол бермейміз деп отыр.
Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Комиссия шешімімен, азамат, өкінішке қарай, көз жұмса, ол неден көз жұмды, бойында коронавирус індеті болды ма, әлде басқа аурулар болды ма, қан қысымы, диабеттен көз жұмды ма, осының бәрін зерттейді. Арнайы протоколмен шешім шығарады. Коронавирус індетінен қайтыс болса, коронавирус деп жазылады.
Жауапты министрлік қауіпті кеселдің құрығына іліккен кез келген науқас мүлдем басқа аурудың диагнозымен жүрегі тоқтауы мүмкін екенін айтады. Соған қарамастан, қанында вирусы бар марқұм арнайы полигонға жерленеді екен. Сүреңсіз статистикаға да тек коронавирустың кесірінен көз жұмғандар ғана кіреді. Дегенмен Ләззат Дүйсембекова сынды марқұмның жақындары тест нәтижесін көзімен көрмей, күдіктері сейілмейтіні анық.