Қыздар университетінде онлайн "Ашық есік күні" өтті

Факультет декандары мен құрылымдық бөлім басшылары оқу орны мен ондағы мамандықтар туралы кеңінен мәлімет берді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде республикалық "Ашық есік күні" өтті. Онлайн форматта оқу орнының YouTube-тағы ресми арнасында ұйымдастырылған шара барысында жалпы саны 3 мыңға жуық сауал қойылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Оның мәліметінше, сұрақтардың дені биылғы мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары және білім беру саласының қызметкерлері тарапынан түскен. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған "Ашық есік күнін" оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың алғы сөзімен ашылды.

– Баршаңызға белгілі, Қыздар университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай университет жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: "Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік" деген пайымы 75 жылдан астам тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай, – деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.

Оқу орнының басшысы бірегей білім ұясының басты бағдары турасында да баяндады.

– Қазақтың "Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле" деген дана сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз –отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мұғалімдерді даярлау барысында біздің ұжым ғұлама ғалым әл-Фарабидің: "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деген ұлағатты пайымын басты ұстаным ретінде пайдаланады, – деп атап өтті Қыздар университетінің ректоры.

Сондай-ақ ол мектеп бітіруші түлектерді парасат мектебіне айналған оқу орнында білім алуға шақырды.

– Қымбатты жастар! Біз, Қазақстанның болашағын дайындап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз. Себебі біздің түлектеріміздің көпшілігі Қазақстан қоғамының алдыңғы қатарында еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында қызмет атқаруда. Бұл – ұжым еңбегінің нәтижесі, біз оны мақтан етеміз және болашаққа үлкен үмітпен қараймыз. Қадірменді білім қуған арманшыл жастар! Сіздерді ұлағат ұясына айналған қарашаңырақ – Қыздар университетінде білім алуға шақырамыз, – деп сөзін қорытындылады Гаухар Алдамбергенова.

Шара барысында факультет декандары мен құрылымдық бөлім басшылары оқу орны мен ондағы мамандықтар туралы кеңінен мәлімет беріп, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Сонымен қатар "Ашық есік күні" аясында білім ордасының танымал түлектері мен шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері бейне үндеулер сериясын ұсынды. Ал Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Рая Әміржанова қосдипломды білім беру бағдарламасы жайлы мәлімет берсе, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Берік Жұбанышев "Қазақстан тарихы" пәнінен шеберлік сабақ өткізді. Сондай-ақ "Жан шуағы" психологиялық орталығының директоры Күлмаш Елшібаева талапкерлерге психологиялық кеңес берді.

Айта кетейік, онлайн форматтағы "Ашық есік күні" еліміздің жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылды.

Бүгінде оқу орны мемлекеттік лицензия негізінде 49 бакалавриат, 28 магистратура, 12 PhD докторантура мамандарын даярлайды. Студенттерге білім беру траекториясын таңдау мен білім беру қызметтерінің кең спектрі ұсынылған.

Университеттің материалдық-техникалық базасында 3 оқу корпусы, 7 студенттік жатақхана, мемлекеттік білім беру грантына түскен студенттер үшін 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз ететін "Ұлпан" асханасы, студенттер үшін ашылған "Аққу" жүзу бассейні және заманауи Ғылыми кітапхана бар.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: