Барлық екпелер міндетті және ерікті түрде болып екіге бөлінеді. Ал екпе салынбаған балалар балабақшаға қабылданады. Бірақ ол үшін басым көпшілігінің иммунитет деңгейі жоғары болуы керек. Ұзақ талқылаудан соң, Мәжіліс заң жобасын осылай мақұлдады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Зәуреш Аманжолова, Мәжіліс депутаты:
- Бұл бапты депутаттар, мамандар және сарапшылармен жан-жақты талқылады. Қорытындысында барлық екпелер міндетті және ерікті түрде болып екіге бөлінді. Ал балаларды балабақшаға жіберу-жібермеу "ұжымдық иммунитетіне" байланысты яғни, басым көпшілігі екпе алған жағдайда жіберіледі.
Депутат Зәуреш Аманжолованың айтуынша, екінші оқылымда мақұлданған Кодекс жобасына 717 түзету енгізілген. Тек екі ұсыныс қана қабылданбай қалыпты: Оның бірі – "Профилактикалық екпе салу" бабының бірінші тармағы бойынша "міндетті" деген сөз "құқы бар" деген сөзге өзгертілмеген. Екіншісі – екпе салынбаған балаларды балабақшаға жібермеу. Оның екеуін де депутат Бекболат Тілеухан ұсынған еді. Заң бүгін қабылданса да, депутат өз дегенінде қалатынын мәлімдеді.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
- Вакцина алған адамға ауру жұқпайтын болса, басқаны вакциналауға мәжбүрлеудің не қажеті бар? Мен осыны түсінбедім. Әлде менің түсінігім саяз ба, білмеймін. Қысқасы, мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсымын. Балабақшаға байланысты шатағым жоқ, кетсе, кете берсін. Мен осы мәжбүрлі вакцинацияға қарсы позициямда қаламын. Әрине, бұл басқаларды мәжбүрлеймін деген сөз емес, Нұрлан Зайруллаевич. Әрі қарай талап етпеймін.