Мұнда бір айта кетерлігі, бірінші жарна 10%-ке дейін төмендетілген. Ол үшін бюджеттен 390 млрд теңге бөлінеді. Жыл соңына дейін 150 мың пәтер салынады. Инфляция деңгейінен де төмен процентпен берілетін ипотека баспанаға қол жеткізе алмай жүрген халықтың сұранысын қанағаттандыра ала ма?
Кімдер үйден үмітті? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жыл соңына дейін елімізде 15 млн шаршы метр пәтер пайдалануға беріледі. Баспанаға мұқтаж мыңдаған тұрғынға қуаныш сыйлай алады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы халыққа өз салымдарын, үй алу үшін жұмсауға мүмкіндік беріп, бұл проблеманы бір жүйеге келтіреміз деген сенімде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
"Үй кезегінде тұрған халықты баспанамен қамту үшін "5-10-20" жаңа кредиттеу жобасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл мақсатта дағдарыс уақытына деп қарастырылған қаржыдан 390 млрд теңге бөлеміз. Биыл жыл соңына дейін елімізде 15 млн шаршы метр немесе 150 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл рекордтық көрсеткіш".
Су жаңа бағдарламаның бір ерекшелігі бірінші жарна көлемі 10%-ке дейін төмендетілген. Тұрғындар 5%-пен 20 жылға дейін баспананы ипотекаға алуына мүмкіндік туындайды. Мәселен, жыл басындағы есеп бойынша елімізде 540 мың адам үй кезегінде тұр екен. "5-10-20" жүйесі барлығын үймен қамтымаса да, жылдар бойы жиналып қалған кезек жылжуы мүмкін, - дейді сарапшылар.
Дәулет Төлеутайұлы, блогер:
"Ал, енді мұқтаж жандарға деп жатқанымыз, міндетті түрде үйдің кезегіне тұрсын. Кезекке тұратын жоқ дегенде 13 санат бар енді. Бірақ, мына нәрсені ескеруіміз керек, 1 қаңтардағы статистика бойынша 540 мың адам үйдің кезегінде тұр. Ал, енді қазір мамыр айы 560 мыңнан асып кетті үйдің кезегі. Сондықтан үйдің кезегі деп күтіп отыра бермей, үнемі айтатыным әрекетке берекет, тірі адам тіршілігін жасау керек".
Бағдарламаны әзірлеушілер дұрыс тетігін тапса, осы арқылы тағы бір күрделі проблеманы көтеруге болады екен. Ол - күрмеуі шешілмей келе жатқан миграция мәселесі. Аймақтарда қол жетімді баспана салып, жұмыс күшін халық аз орналасқан облыстарға бағыттауға мүмкіндік туындайды. Ал, жарнасы төмендетілген қаржыны алу үшін, үміткер мынадай бірқатар талаптарға сай болуы қажет.
Жансұлтан Матаев, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ орталық бөлімшесінің басшысы:
"65 мыңмен 101 мыңның ортасында болса екі күн көріс мөлшерлемесі. Егер, осы аралықта кезекте тұрып, сіздің табысыңыз сол болса онда сіз "5-10-20" бағдарламасының шарты бойынша несие алуға мүмкіндігіңіз бар. Бұл жерде біріншіден, отбасының атында үй болмау керек бұрын соңды тіркелген. Акимат салған үйлерден де ала алады. Болмаса, жеке құрылысшылардан нарықтан сатып алуға мүмкіндіктері болады".
Сарапшылардың пікірінше, мұндай үй алатын бағдарламалар халыққа керек ақ. Біріншіден, тұрғындар қаржы жинауға үлкен мүмкіндік алады. Сондай-ақ, құрылыс компанияларына да "5-10-20" бағдарламасы тың серпін береді. Бірақ, осы сала мамандары коммерциялық баспанадан бөлек, бөлінген қаржыға жалға берілетін пәтерлердің санын арттыру керек деп есептейді. Екінші жағынан, үйдің бастапқы жарнасының өзін жинауға халықтың көп бөлігінің шамасы жетіңкіремейді екен.
Мақсат Халық, экономист:
"Шындығын айту керек, бізде көптеген жалпы халықта, егер өңірлерді алып қарайтын болсақ, азаматтардың алатын табысы төмен. Сондықтанда олар, бірінші сол 10% жарнаның өзін жинау, оңайға соқпайды. Мемлекет мұндай бағдарламаларды жүзеге асырып жатқан кезде, нақты мақсат қою керек. Халықтың нақты табысын ұлғайту жағдайына. Сол кезде ғана, азаматтарда мүмкіндік болады. Өздерінің бастарында несие болса соны тез-тез жауып, қаражат жинап, ең болмаса осы бағдарламаға ілініп кетуге.
Мемлекет басшысы Үкіметке аталған бағдарламаны әзірлеу үшін 1 шілдеге дейін уақыт берді. Сондай-ақ, Тоқаевтың пәрменімен халықты қолдау мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жанынан "Отбасы банкі" деген мекеме құрылады.