Әкім уәде еткен жер қайда? Ақмола облысына қарасты Жалғызқұдық ауылының тұрғындары кең жерде отырып, жапырақтай жайылым таппай қалды. Талай жылдан бері ауызсудың азабын тартып келе жатқан елдімекенге енді жердің жыры жұдырық болды. Тіпті ауыл маңындағы көл де бәзбіреулердің иелігіне өтіп кеткен екен.
"Сатылмаған не қалды?" деп налыған жұрттың жанайқайы туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ақмола облысының аумағында деген аты болмаса, Жалғызқұдық едәуір жырақта жатыр. Блок бекетте біраз бөгеліп, 60 шақырымды шамамен 1 жарым сағатта артқа тастадық. Елді мекеннің 300-ге жуық тұрғыны тап осылай қалаға қатынап, күн көріп жүр.
Целиноград ауданына қарасты ауылдардың ең шалғайы осы Жалғызқұдық. Мұнда 3000-нан астам тұрғын қоныс тепкен. 500-ге тарта шаңырақ түтінін түтетіп отыр. Ауыл тұрғындарының сөзінше, елді мекеннің тұтас аумағы әлдекімдердің меншігінде. Және бұл Жалғызқұдық тұрғындарын толғандырған жалғыз мәселе емес.
Сырттан келгендерге ауыл мүлде мұңсыз секілді. Тасжол сайрап жатыр. Саптай тізілген үйлердің сәні келіскен. Жасыл желек те жағалай жайқалып тұр. Тек ішерге ауызсу таппай отырғандары талай жылдан бері жанға батып келеді.
Жаңатай Сәтенов, Жалғызқұдық ауылының тұрғыны:
"Қиын жағдайда болып тұр осы ауыл. 500-ден артық үй бар. Су жоқ. Қалай жылаған халық солай жылап отыр әлі".
Аудан мен облыс әкімдігі ауылдың жарым-жағдайын жақсы біледі. "Келіп, құрғақ уәдені үйіп, сол күйі қарасын батырады", - дейді тұрғындар. Жылына бір мәрте төбе көрсетсе сол. Биліктен қайыр болмаған соң, кейбірі тиынның басын құрап, үйдің жанынан құдық қазып алған.
"Мынау міне өзіміздің жанұямызбен су ішетін құдығымыз. Суы тұщы, құдайдың бір берген көмегі".
Үйіне су тартуға жағдайы жетпегендер ауылдан 3 шақырым қашықтықтағы блок модульден су тасып жүр. Бір флягы 5 теңгеден. Ал ауыл әкімінің сөзіне сенсек, тіршілік нәріне тапшылық алдағы 5 жылда жойылмайтын тәрізді.
Мәулет Сағынтаев, Жалғызқұдық ауылының әкімі:
"Ауданға ұсыныс жасадық біз аудан енді 2022 жылы осы ПЗД-ны дайындаймыз дейді Сосын қарастырамыз деп. Маңайда бізде су жоқ. Су бар. Бірақ балансы аз. Ол бір 5 жылдан кейін бітіп қалады. Бұрында біз 36 шақырым жерден Қошқарбаев ауылынан су тарттық. Ол енді ескіріп кетті. Егер істесек, қаражат нетсе, олжақтан су тартылады".
Кейінгі жылдары ауызсудың азабына жайылым жерлердің тапшылығы қосылды. Мал бар, бірақ оны жаятын шабындық жекеменшік қолға өтіп кеткен. Ауылға таяқ тастам жердегі көл де баз біреулердің иелігінде жатыр. Осылайша тұтас бір ауыл жер иесіне жаутеңдеуге мәжбүр.
Айсауыт Қоңғабылов, Жалғызқұдық ауылының тұрғыны:
"Жағдайымыз нашар. Мал ұстайтын мүмкіншілік жылдан жылға қиындап баратыр. Жайылым жер жоқ. Жылдан-жылға кесіп жатыр, кесіп жатыр. Ауылдан 100 метр жерді жыртайын деп жатыр міне уже. Тиісті жердің 4-тің бірі де жоқ. Жұмыс жоқ. Тек малмен күн көріп отырмыз".
Жаңатай Сәтенов, Жалғызқұдық ауылының тұрғыны:
"2015 жылы бізге Малғаждар Саттарович әкім болғанда бізге сол кісі айтқан. Сендер малдың есебін әкеліңдер. Сендерге 8000 гектар жер береді. Міне соны әлі беріп келе жатыр. Берем деген аузынан шықты. Жоқ міне сол".
Жалғызқұдықта екі білім ошағы бар. Бірі жарты ғасыр бұрын бой көтерген. Осы аралықта бір рет те күрделі жөндеуден өтпепті. Жедел жәрдем көлігінің де жүргеннен жүрмегені көп. Басы ауырып, балтыры сыздағандар өз қаражатына қалаға көлік жалдауға мәжбүр. Осылайша шеттегі шағын елді мекендер аймақ бюджетінің шарапатын сезіне алмай отырған көрінеді.