Шымкент тұрғыны кез-келген жан қызыға бермейтін ерекше шаруаны қолға алған. Сіз бен біз, әсіресе ауылдағы ағайын аса елей бермейтін шылаушын өсіріп, табысқа кенелуде. Ал, жыбырлаған осы құртты сатып алушылар қатары күн сайын арта бастаған. Тіпті, арнайы іздеп келіп тапсырыс беретіндер де баршылық екен. Сонда, жаңбырдан соң жер бетіне жыбырлап шығып жататын шылаушынның қандай пайдасы бар?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"10 теңгеден сатамын. Кейбір қала тұрғындары өздері айтады, 10 теңге сәл қымбаттау, 5 теңгеден берсеңізші деп. Ондай кезде мен 5 теңгеден беріп жіберемін".
Табыстың кілті – табандылықта екенін Ілияс Икрамов жақсы біледі. Өйткені, әкесі еңбекке ерте баулыған екен. Әрбір істі соңына жеткізіп, жемісін жегізіп үйреткен. Сондықтан, ол кез-келген бастаманы жүзеге асырмас бұрын, жобаның берер пайдасын есептейді. Бұл жолы да солай болды. Екінің бірі қолға ала бермейтін, бірақ, қарапайым жұмыс саналатын кәдімгі құрт өсіруді бастады.
Әу баста 350 дана калифорниялық құрттан бастаған жас кәсіпкер небәрі алты айдың ішінде 210 мыңға жеткізіпті. Әрбір құрт 21 күн сайын көбейіп отырады екен. Саны артқан сайын қызығушылығы да ояна түскен. Оның үстіне, әр сенбі-жексенбі күндері сатып алушылар қатары артады. Бірі балық аулауға, енді бірі топырақты құнарландыруға әкететін көрінеді. Айтуынша, осы кезге дейін 50 мың данасын саудалапты. Қызығына батқаны соншалықты, шылаушынның топырақты құнарландыру жайында диссертация да қорғап үлгергенін айтады.
Ілияс Икрамов, Шымкент тұрғыны:
"Калифорниялық құрттар өте белсенді болады. Осы белсенділігінің арқасында бұл "Биагумус" деген тыңайтқышты жасап шығарады. Ол таза табиғи тыңайтқыш болып есептеледі. Химиялық қоспаларсыз".
Шылаушанға таңертеңен кешке дейін қараудың қажеті де жоқ. Күтімді де қажет етпейді. Тек, күнара 10 литр су сеуіп, топырағына жапырақ, өсімдік, көкөністің қалдықтарын тастап отырсаңыз болғаны. Сонымен қоректеніп, топырақты биологиялық тыңайтқышқа айналдырып шығарады екен. Оны егістікке пайдалансаңыз, екі есе өнім береді дейді.
Ілияс Икрамов, Шымкент тұрғыны:
"Бұл құрттарды біртіндеп сатамын. Балық аулаумен айналысатындар көп алмайды. 200-300-100 штуктап 10 адам алатын болса, ол күнделікті тұрмысық қажеттілікті өтейтін ақшаны тауып қояды".
Бүгінде Ильястың ауласында шағын жылыжай тұр. Оның өзі, шылаушан жобасын дамытуға бағытталған қайтарымсыз несиенің қаржысына тұрғызылған. Ішіндегі құнарлы топырақта құнарлы. Шағын кәсіппен отбасы мүшелері айналысады. Ерте көктемде жерге себілген қарбыздың дәні осы жерде көшетке айналып, егістікке отырғызылыпты. Икрамовтар әулеті енді жазғасалым алғашқы өнімді жинауға кіріседі.