Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиевтың және полиция сержанты Дастан Әбдіқановтың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
"Қайғылы қаза тапқан полицейлер екі айдан астам төтенше жағдайға байланысты ерекше режимде жұмыс істеді. Күн сайын қызметке кірісе отырып, олар карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады.
Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласы патрульдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, мінсіз қызметі үшін бірнеше рет ведомстволық наградалармен марапатталған. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер және үлгі болды. Жарас Жанғазиев өз ісінің маманы ғана емес, сонымен қатар қамқор әке болды. Оның екі қызы мен жұбайы қалды, ол үшінші сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүрген еді.
Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов төрт жыл ішінде өзін жауапты, принципшіл және атқарушы қызметкер ретінде көрсете білді. Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін жұмсай отырып, болашаққа деген үлкен жоспарлары бар еді. Өткен жылы отбасын құрып, осыдан бір ай бұрын қызы дүниеге келген болатын.
Өкінішке қарай, қайғылы оқиға олардың өмірін үзіп кетті. Екі қызметкер де ең үздіктер қатарында болатын және Отанымыз үшін әлі де адал қызмет ететін еді. ІІМ-нің барлық жеке құрамы туған-туыстарының қайғысына ортақтасады. Біз үшін бұл орны толмас қаза.
Полициядағы қызмет – бұл әрқашан өмір мен денсаулық үшін тәуекел. Осындай сезіммен біздің қатарымыз жыл сайын жүздеген тәртіп сақшыларын толықтырып отырады, олар жүрек қалауымен халыққа қызмет етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қылмыспен күресуге бар өмірлерін арнайды. Бейбіт уақытта әріптестерді жоғалту біз үшін өте ауыр", - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.