Нұр-Сұлтанда Есіл өзенінен су сынамалары алынды

31 мамырда 5 тәулік орындалатын "оттегіні биохимиялық тұтыну (5)" талдау нәтижелері ұсынылады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніндегі балықтардың жиналып қалғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты 2020 жылғы 26 мамырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "Қазгидромет" РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экологиялық мониторинг департаментінің Қоршаған ортаның ластану мониторингі сынақ зертханасының қызметкерлері келесі нүктелерде су сынамаларын жоспардан тыс іріктеуді жүргізді, деп хабарлайды zakon.kz "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1 нүкте: "Қараөткел" автожол көпірінің астында;

2 нүкте: "Қараөткел" автожол көпірінен 0,5 км жоғары;

3 нүкте: "Қараөткел" автожол көпірінен 0,5 км төмен;

Жер беті суларының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі, оның ішінде басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар.

Бірінші күннің талдауы бойынша судың температурасы 23,7-24,2 ºC шегінде, сутегі көрсеткіші 8,70-8,75, суда еріген оттегінің концентрациясы қалыпты және 9,30-11,8 мг/дм3 диапазонында, түсі – 25-30 градус, мөлдірлігі - 25 см, иісі - 0 балл, табиғи суға тән емес иістер табылмады.

2020 жылғы 27 мамырда қалған көрсеткіштер бойынша талдау нәтижелері туралы қосымша ақпарат жарияланатын болады. Сондай-ақ, 2020 жылғы 31 мамырда 5 тәулік орындалатын "оттегіні биохимиялық тұтыну (5)" талдау нәтижелері ұсынылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: