Әрине, бұл аймақтарды "жабайы туризм" әбден ластап бітті: әр жерде шәшлік пісіріп, соңын жинамай қоқысты үйіп-төгіп жатыр жұрт. Әркімге бір-бір қарауыл қоя алмайсың ғой.
Жазылған ескерту тақталарына ешкім назар салмайды да. Ондай келеңсіздікті Алматы маңындағы Бутаковкадан да, басқа жерлерден де көріп жүрміз. Тіпті біреулер өтіріктен "пост" қойып алып, тегін пайда тауып та жатыр, дейді желіде Әбдірашит Бәкірұлы.
Олар пайдасын экологияға жұмсап жатқан жоқ.
– Әкімшіліктермен сыбайласып, қалталарына басуда деген күдік бар. Яғни, Табиғи аймақты "қанау" арқылы көлденең табыс табылуда. Көп жерлерде дәретханасы да жоқ, бұта-бұтаның түбінен иіс шығады. Ал енді ол жерлерге адамдарды мүлдем кіргізбеу мүмкін емес – бәрібір жолын табады. Бұдан да табыс табушы пысықтар жеткілікті. Ендеше, осыны бақылауға алып, өркениетті бағытқа бұрудың жалғыз жолы – қалталы фирмаларға (нағыз инвесторға) жалға беру. Бірақ, бұл жерде біз 49 жыл дегенге қарсы болуымыз керек. Жалға беру "2 жыл – +3 жыл" деген шартпен басталып, жалға алушының шартты қалай орындауына байланысты пролонгациялануы керек, – деген ұсыныс айтты пост авторы.
Сонда ғана Үкімет экологиялық ахуалды, инвестордың қалай жұмыс жасап жатқанын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін (баға, қызмет түрі және т.т.), туризмнің қалай дамып жатқанын (адам саны) бақылай алады. Қоғам да бақылай алады.
– Одан түсетін бюджеттік табыс та толық бақылауда бола алады.. Олай болмаса, яғни, қазіргідей "49 жыл" – табиғатты өлтіру болып табылады. Кез келген қазақстандық бизнеспен ықпалды байланысқа түскен шетелдік ол жерге "тышып-тышып", ОК деп тайып тұрады. Ондай "тайып тұрғыштар" өзімізде де толып жатыр! Себебі, осыған дейін кез келген қазақстандық бизнес - табиғатты тек табыс көзі деп қарап, одан пайда табуда табиғатқа еш аяушылық жасап көрген емес, – дейді ол.
Қорық – ауылшаруашылық жері емес, ол – аса құнды және ерекше қорғаудағы ұлттық байлық, қайталанбас табиғат!
– Міне, осы жағдайды ескерсек қана біз табиғатқа қомқорлық жасай аламыз. Қорықты айтпағанның өзінде, ауылшаруашылық жерлерінің 49 жылға жалға берілуінің стратегиялық қателік болғаны қазір толық дәлелденіп жатыр емес пе? Осыны неге Үкімет ескермейді, – деген сауал тастайды ол.