Іс бітті, қу кетті. Шымкентте жаңадан төселген асфальт үгітіліп жатыр

Мемлекеттік мекеме сатып алу байқауын өткізерде, орташа жөндеуге жататын көшелерді ұзындығына қарай емес, шаршы метріне байланысты ақша бөледі екен.

Шымкентте жаңадан пайдалануға берілген жолдардың сапасы сын көтермейді. Жерге төселген асфальттердің екі шеті күн өткен сайын үгітіліп, кейбір тұсы көтеріліп жатыр. Бірақ, мұндай олқылық мердігерге көрінер емес. Олар атқарған жұмыстың барлығы талапқа сай деумен келеді. Ал, көше тұрғындары болса, қазына қаржысына салынған жолдардың сапалы болғанын қалайды.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жолдың қаншалықты сапалы және сапасыз салынғандығын мамандар анықтай жатыр. Мен жол сапасын қадағалайтын маман емеспін, бірақ, тілшімін. Соның өзінде де түсірілім барысында бірқатар кемшіліктерді анықтадым".

Бұл - "Ақниет" шағын ауданындағы Шарайна көшесі. Мамыр айында жерге төселген асфальті тақтайдай теп-тегіс деп айта алмайсыз. Аяқ жол тек бір шетіне ғана салынған. Оның өзі соңына дейін жеткізілмеген.

Бекзада Қырықбайқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

"Білмеймін, ана жақтан қазір өзіміз көріп келе жатырмыз ше, мына жолды бір апта болмады ғой салынғанына деп жатырмын. Сонша ақшаға істеген соң, дұрыстап салыну керек еді".


Ия, дұрыс айтады. Қыруар қаржы бөлінген соң, сапалы болғаны жөн. Әйтпесе, осы бір қысқа көшенің аяқ жолы мен асфальтіне бюджеттен 22 млн теңге жұмсалыпты. Аз ақша емес, әрине. Қаржының қаншалықты мақсатты игерілуін жемқорлықпен күресуші органы текермек.

Сәбит Әсілбек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері:

"Енді әртүрлі жағдайлар болады. Біреулері ат-үсті қарайтындары бар. Тез-тез бітіріп, басқа көшеге ауысқылары келеді. Нәтижесіндще ол көше стандартқа сәйкес болуы керек".


Тағы бір түсініксіз жәйт, тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме сатып алу байқауын өткізерде, орташа жөндеуге жататын көшелерді ұзындығына қарай емес, шаршы метріне байланысты ақша бөледі екен. Ол кезде жеңімпаз компания жол саларда өзімбілермендікке салынады. Яғни, бас жақтағы көшенің ені 5 метрден басталса, соңына қарай, қысқарып үш метрге әрең жетеді. Бірақ, мұны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Себебі, заң солай.

Жайни Қамбар, "Шымкент адалдық алаңы" Жобалық кеңсесінің басшысы:

"Ол жерде қосылған көшенің шетінен қараған кезде ол сапасыз жасалған болатын. Қолымен алып көтеруге болатындай жағдайда болатын. Және де көшелерге төселген асфальт бойынша, бір біріне тоғысынуында айырмашылық болған болатын".


Мамандар жыл басынан бері 60 көшеге тексеру жүргізіпті. Оның барлығында да кемшілік анықтаған. Және тағы 260 көшенің бойын сүзіп шығуды көздеп отыр. Тек, содан кейін ғана мемлекеттік қабылдау актісі түзіледі. Оны мердігер де біліп отыр. Сондықтан, олқылықтың орнын толтыруға тағы он күн қажет.

Бақтияр Бастықов, мердігер компанияның өкілі:

"Кішкене кемшіліктер бар. Шымкент қаласының адалдық несі бойынша орындап жатырмыз. Соны орындап болған соң, тапсырамыз деген ниетіміз бар".


Жалпы, биыл Шымкент қаласы бойынша 256 нысан, 417 шақырымдық жол жөнделеді. Құрылысқа 27 млрд теңге қаралған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: