"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Директорлар кеңесінің шешімі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының келісімі бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ жаңа Бас директоры болып DB Engineering&Consulting Азия-Тынық мұхиты аймағының дирекциясын басқарған неміс маманы Питер Штурм (Peter Sturm) тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Темір жол көлігі және халықаралық тасымалдау саласында еңбек өтілі бар П. Штурм, 25 жыл бойы халықаралық компанияларда түрлі басқару қызметтерін атқарған. Бұған дейін ол инновациялар мен өзгерістерді енгізудегі жауапты бөлімшелерді басқарды, жылжымалы құрамды сатып алу және қызмет көрсету, ақпараттық технологияларды енгізу, темір жолдарды пайдалану және т. б. салаларда қызмет атқарды.
Штурм мырза бәсекеге қабілеттілікті және клиенттердің назарын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан барлық өзгерістер жалғасын табатындығына сендірді.
Онлайн режиміндегі өзінің алғашқы аппараттық кеңесінде жаңа басшы "Жолаушылар тасымалы" АҚ құрылымдық бөлімшелері мен ведомствоға қарасты ұйым басшыларының жолаушыларға сервистік қызмет көрсету сапасына, яғни жолаушылар вагондарын жуу мен жинау және төсек-орынның сапасына баса назар аударды. Сапа менеджментінің жаңа жүйесін енгізу есебінен клиенттерге қызмет көрсету деңгейін арттыру қажет, яғни компанияның бизнес-процестерін жақсарту мақсатында жүйелі қателіктерді үнемі анықтап, жұмыс істеу керек. Жолаушылар пойыздарындағы төсек-орын жабдықтарымен және жұмсақ алмалы-салмалы мүкәммалмен жабдықтау сапасы, сондай-ақ клининг және санитарлық-гигиеналық құралдармен жарақтандыру бойынша енгізілетін жаңа стандарт мәселелері Компания басшылығының тұрақты бақылауында болады.
Бас директор "Солтүстік" өңірлік филиалында стандартты жолаушылар вагондарына арналған алғашқы екі дәретхана модулінің демонстрациялық жинағымен танысты. Пойыздардағы санитарлық тораптарды жаңарту, олардың эстетикасын, қолайлылығын және жолаушылар үшін жайлылық деңгейін түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді. Дәретханалық модульдерді орнату жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін басшы болған Кортюм мырза денсаулығы мен жеке жағдайларына байланысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры қызметінен кетуге шешім қабылдады.