Сотталып жатқан бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа соңғы сөз берілді. Ол соңғы сөзден бас тартпай, сөйлеп қалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Тергеу мәліметінше, Ертаев 2011–2017 жылдар ішінде Bank RBK-ның 144 млрд теңгесін жымқырып үлгерген. Өткен аптада прокурор оны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Ертаевтан басқа, іс бойынша тағы 36 адам айыпталуда.
Бүгін 28 қыркүйекте Ертаев соңғы сөз сөйледі:
Ақшаға бақытты сатып алуға болмайтынын ұмытып кетіппін. Ақшаға тоймайтын күнәһар болдым ақыры. Енді отырмын, бәрінен айырылып. Абыройдан жұрдай болып, бостандықтан айырылып. Менің есімім ертең "Ертаев сияқты ұры екен", деген теңеумен халықтың арасында тарап кете ме деп қорқамын. Қоғам мені әлі талай жыл ұмытпайтын шығар, Ертаев сияқты ұры болмаңдар, деген нақыл айтылса, өзіме де обал жоқ.
Карьерамды енді бастағанда байлықты мақсат етпеп едім. Бірақ кейін байлыққа қызығып, тура жолдан тайып кеттім.
Мені аяудың қажеті жоқ. Лайық жазамды алайын. Мен бәрін мойындадым. Менің банк және бөтеннің активтерін басқаруыма өмір бойы тыйым салынатыны анық. Ендеше мен бұдан былай қоғамға қауіпті бола алмаймын.
Шын ниетіммен кешірім сұраймын. Біздей ақымақтарды (дураков) кешіре гөріңдер.
Жоқшылықта өсіп едім. Бала кезімде еден жудым, барахолкада сауда жасадым. Шешем мені Құдайға сену мен адал еңбекке үйретті, обалы нешік. Құдай маған тәп-тәуір ми берді. Бірақ мен жүре келе арымды сатып, ақша деп адасып кеттім. Қамауда отырған жылдар ішінде ұятым орнына келді, миым кеуіп кеткен жоқ. Адал жолмен ақша табу қолымнан әлі де келеді. Бұл ақша деген мен үшін енді дүниедегі ең маңызды нәрсе емес болып қалды. Тек жәбірленуші тараптың шығынын өтеп берсем болды, сосын балаларымды аяғынан тұрғызып, өзіммен өзім гармония болып, тыныш тіршілік кешсем болды, - деп көсілді Ертаев сотта.