2021 жылы Жаңа Су кодексін әзірлеу жоспарланды

Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылы жаңа Су кодексін және "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы" Заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев "Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары" тақырыбындағы Сенаттағы үкіметтік сағатта айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

"2021 жылға жаңа Су кодексінің және "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы" Заңның тұжырымдамаларын әзірлеу жоспарлануда", - деді М.Мырзағалиев Үкімет сағатында.

Оның дерегінше, министрлікте су ресурстарын ұлғайтудың балама жолдарын пайдалану мүмкіндігін, өнеркәсіпте, ауыл және коммуналдық шаруашылықта суды пайдалану тиімділігін арттыруды, сондай-ақ су ресурстарын елдің су тапшы өңірлеріне жіберуді зерттеуге бағытталған ғылыми блок қалыптастырған.

Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.

"Қолданыстағы кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (жылына орта есеппен 3 реттен сәл артық). Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады, бұл су шаруашылығының барлық деңгейлеріндегі жағдайдың нашарлауына әкеледі", - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, қолданыстағы Кодекс су шаруашылығы құрылыстарын жобалаудың, салудың және пайдаланудың техникалық мәселелерін регламенттемейді.

"Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормаларымен, ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрықтарымен реттеледі, ал ГТҚ қауіпсіздік мәселелері ГТҚ қауіпсіздігі туралы арнайы заңмен регламенттелуі тиіс", - деп есептейді министр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: