Адам сенгісіз жайт! Екі айдан бері қожайынының қабірін күзетіп, мазар басынан кетпеген иттің оқиғасы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Өмірден өткен иесінің зираты жанында өлермен күйге түскен жануарды куәгерлердің бірі камераға түсіріп, видео интернетке тез тарап кетті. Жеті қазынаның бірі саналатын төрт аяқтыға жұрт "қазақтың Хатикосы" деп ат қойып үлгерген. Оның аянышты халін көрген аң-құс қорғаушылары төбетке жаңа қожайын іздеуге кірісіп кетіпті, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Жапонияның Акито провинциясындағы шаруаның иті туып, күшіктерінің бірін алғыс ретінде өзінің бұрынғы профессорына сыйға тартады. Ғалым оған "Хати" жапонша "сегіз" деген есім береді. 1987 жылы түсірілген бұл фильм көпшіліктің жүрегін елжіретіп, жыламаған жұртшылық жоқ еді. Өйткені, бұған дейін мұндай үй жануарының бар екендігі жайында ешкім білмеген. Алайда, режиссер Сэйдзиро Кояманың шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген туындысы нағыз адалдық пен сенімнің символына айналды. Көзі тірісінде иесін темір жолға дейін шығарып салып, кейін мезгілсіз қайтыс болғанда тоғыз жыл бойы вокзалда күткен. Бұл оқиғаны көпшілік әлі күнге дейін аңыз әңгіме ретінде айтып жүр.
Ал, Алматы облысына қарасты Шамалған ауылындағы қайтыс болған қожайынының бейтін күзетіп, бөгде біреу тұрмақ, құс қондырмай қарауылдаған үй жануарының оқиғасы тіпті жан тебірентерлік. Әуел баста мазар маңынан өтетіндер бұл иттің отырғанына назар аудармаған екен. Қаңғыбастар қатарына қосып көңілде бөлмепті. Бірақ, біраз уақыт өткеннен кейін бір ғана моланы күзететініне көз жеткізген. Ауылдықтардың айтуынша осы маңды торуылдап жүргеніне бірнеше айдың жүзі болған.
Екі ай болды осында жүргеніне. Бұрын бұл бұл маңнан көрмегенбіз. Тамақты ары-бері өткендер осында әкеліп беріп тұрдық.
Иттің біршама уақыт осында болғанына мына бір алақандай қара жер де дәлел. Айналаны әппақ қар басқанымен тура қабірге қарама қарсы тұрған орын айырықша көрінеді. Тұрғындардың бірі осы бір ерекше оқиғаны видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген. Бұдан кейін иесіне адал болған жеті қазынаның бірін еріктілер панасына алып Лея деген ат қойыпты.
Наталья Сульжик, жануарларды қорғау қорының президенті:
Біз оны алып кеткен кезде ит сол мазардың қасында болды. Жергілікті тұрғындар көптен бері сол маңда жүргендігін жеткізді. Егер ол қаңғыбас ит болса түнейтін басқа орын табар еді. Алайда, ашық жерде жатқандықтан, оның қожайыны қайтыс болғанын аңғару оңай. Қазір біз оны өзіміздің панамызға алдық.
Мұнда келгеннен кейін мамандар Леяны толықтай тексеруден өткізген. Дәрігерлер денсаулығының жақсы екендігін қуана айтыпты. Сонымен қатар мінезіне байланысты бірнеше тесттер алған. Алайда, иесінің махаббатына бөленгендіктен, жеті қазынаның бірі мейірімге бай деген қорытындыға келіпті. Тіпті, қолыңды бер деген сынды бірнеше тапсырмаларды бұрыннан үйренгендігін де айтады.
Леяны қазір арнайы темір тордың ішінде ұстайды. Бұрын мұндайға үйренбегендігін біраз жатырқайтындығын да жасырмады. Алайда, абалап үріп көрінгенге үрке қараудың орнына құшақтап ойнағанды жаны сүйеді дейді мамандар. Қазіргі уақытта жануарларға пана болған орталықта 150-ге жуық ит бар екен. Егер үйінде ұстауды жаны қалағандар болса таңдап алып кетіп жатады дейді.
Наталья Сульжик, жануарларды қорғау қорының президенті:
Барлық адамның хабарласуына болады. Біз оның түйіндемесіне қарап алып кетуіне рұқсат береміз. Әзірге бізден шыққан жануарлардың ешқайсысы қайта оралған жоқ. Біз оның барлығын қадағалап отырамыз. Өйткені, құжат берген кезде иттің иесі біз болып қаламыз. Ал, алған адам қамқоршы болып табылады.
Үй жануарының адалдығы туралы айтылар аңыз бен әңгімелер жетерлік. Мәселен, осы жылдың наурыз айында мүгедек қожайынының арбасын итеріп бара жатқан итке көпшілік сүйсіне қараған болатын.
Ал, мамыр айында Ухань қаласында коронавирустан қайтыс болған иесін үш ай бойы ауруханада күткен үй жануарына көптің мейірімі түскені белгілі. Дендеген дертпен күресіп жатқандардың басым бөлігі одан секем алып үрке қараған. Алайда, қожайынына адал итті тек тоқсан күннен кейін жануарларды қорғау орнының мамандары алып кетіп, жаңа қожайынына тапсыру жұмыстарына кіріскен екен. Қазір Леяда бұл паналау орталығында өзінің санаулы күндерін өткізуде. Өйткені, жақын уақытта Алматылық тұрғын өз қамқорлығына алады. Бірнеше ұсыныс түскенімен әрқайсының түйіндемесін аса сақтықпен қарадық дейді мамандар. Жаңа қожайындарының үйінде балалары мен өзге де иттердің бары көңілге медеу сыйлады деп отыр. Ал, иттің иесі қай жақтан екені және бұған дейін қайда тұрғаны туралы әзірге белгісіз. Өйткені, жақын маңдағы тұрындар бұрын бұл маңнан көрмегендерін айтуда. Сонымен қатар, қабір күзеткен үй жануарын осы уақытқа дейін ешкім іздеп хабарласпапты. Енді Леяның жаңа қожайындарына да адал болатынына ешқандай күмән жоқ дейді уақытша қамқоршы болғандар.