Мемлекеттік құрылыстың әлемдік тәжірибесі қоғамдық институттар үшін елге жария билікті іске асыруда айрықша рөл атқаратын мемлекеттік аппарат қажет екенін көрсетті.
Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, халықаралық жетістіктерін тұтынушыға бағдарланған кәсіби қызметкерлерсіз елестету мүмкін емес.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік аппарат қойылған міндеттер мен азаматтардың қажеттіліктерін жүзеге асыра отырып, өзінің жаңа келбеті мен мәдениетін қалыптастырды. Жалғасқан реформалар негізінде атқарушы және өкілді биліктің барлық деңгейлерінде мемлекеттік саясатты табысты іске асыратын басқарушылардың кәсіби өзегі қалыптасты.
Республикалық референдумда қабылданып, әрі жаңартылып бекітілген еліміздің Конституциясында ұлттық құқықты дамытудың негізі қаланды, мемлекеттік құрылым мен басқару нысаны, билік тармақтарының құрылымы анықталды, азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына алғаш рет кепілдік беріліп, ресми қолданысқа "мемлекеттік қызмет" термині енгізілді.
Іс жүзінде еліміздің негізгі Заңымен бір мезгілде осы қаралып отырған саланы реттейтін бірінші арнайы нормативтік құқықтық акт Мемлекет басшысының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы "Мемлекеттік қызмет туралы" Заң күші бар Жарлығы болды.
Жарлық мемлекеттік басқару жүйесінің кадрлық ядросын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметті дамыту үшін негіз салуға, оның қағидаттарын, мемлекеттік лауазымдар иерархиясын белгілеуге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктерін анықтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қызметтің басты құжаты заман ағымына сай, басым бағыттармен үнемі жетілдіру үстінде болды.
Осы ретте, "Қазақстан – 2030" Стратегиясы 1997 жылы мемлекеттік дамудың ұзақ мерзімді басымдығы ретінде кәсіби үкіметті қалыптастыруды анықтайтын және бірінші әкімшілік реформаның бастамасын қалайтын мемлекеттік қызметті дамытудың келесі кезеңі болды.
Мемлекеттік басқару жүйесін іске асыру мен дамыту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 1998 жылы еліміздің Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін дербес уәкілетті мемлекеттік орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.
Агенттікке мемлекеттік қызмет заңнамасы мен жүйесін жетілдіру, оның қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру; мемлекеттік аппарат кадрларының жай-күйін мониторингілеу мен оны оқыту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру; мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың (қызмет этикасы ережелерінің) сақталуын бақылау сияқты функциялар мен өкілеттіктер берілген.
Осылайша посткеңестік кеңістікте алғаш рет Қазақстанда мемлекеттік органның әлеуметтік, құқықтық, кадрлық өзара іс-қимылының және оның қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қатынастарының барлық жүйесін үйлестіретін орган құрылды. Бұл елдің даму кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің ұлттық моделін институционалдық рәсімдеу мен қалыптастырудағы алғашқы қадам болды.
Жоғарыда айтылғандар елдің модернизациясы мемлекеттік қызмет жүйесінен басталғандығын, Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері қойылған міндеттерді орындап шыққандығын көрсетеді.
Мемлекеттік аппараттың қызметі динамикалық өзгермелі институционалдық қажеттіліктерге бейімделген, нақты құрылған заңнамаларсыз мүмкін емес.
Осыған байланысты, 1999 жылғы 23 маусымда қабылданған "Мемлекеттік қызмет туралы" Заң мен Агенттіктің нормативтік актілері негізінде мемлекеттік қызметшілер корпусы саяси және әкімшілік болып бөлінді, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің біліктілік талаптары, оларды аттестаттау бекітілді; азаматтарды іріктеудің конкурстық жүйесі және олардың заңнаманы білуіне электрондық тестілеу енгізілді; мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары бекітілді.
Халықаралық тәжірибе (АҚШ, Ұлыбритания, Канада) мен біздің өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін ескере отырып, біліктілік талаптарына сәйкес келетін кез келген әкімшілік лауазым конкурс бойынша жұмыспен сипатталатын мемлекеттік қызметтің позициялық моделі анықталды.
Осы институтты одан әрі жетілдірудің келесі кезеңі - 2011 жылғы 21 шілдедегі Жарлықпен меритократия қағидатын күшейтетін екінші реформаның басталуы мен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің Тұжырымдамасын қабылдау болды. Оның маңызды жаңалықтарының бірі – саяси мемлекеттік қызметшілердің құрамын қысқарту, әкімшілік қызметшілердің "А" басқарушылық және "Б" орындаушылық корпустарын құру болып табылды.
2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітіліп, "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгісінің енгізілуі – мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуына зор үлес қосқан қызметшілерді анықтауға және оларды ынталандыруға мүмкіндік туғызды.
Бүгінде Ақтөбе облысында аталған төсбелгімен 27 қызметші марапатталды.
Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың тағы бір кезеңі 2014 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі біріктірілген Агенттіктің құрылуы. Осылайша, кадр саясатын тиімді іске асыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда мемлекет пен қоғамның күш-жігері біріктірілді. 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға сәйкес оның салдарымен күреске қарағанда алдын алу міндеті қойылды. Қазіргі таңда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің функциялары мен құзыреттіліктерінің бөлінгеніне қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.
"Ұлт жоспары-100 нақты қадам" бағдарламасының қабылдануы мемлекеттік қызметтің негіздерін одан әрі жетілдіруді шыңдады. Алғашқы институционалдық реформамен айқындалғаны кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болды, оны іске асыру үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" жаңа заңдары қабылданды.
Ендігі кезекте мемлекеттік қызметке түсу төменгі лауазымдардан басталып, ал мансаптық сатымен ілгерілеу кезінде меритократия принципі сақталып, тиісті дағдылар, білімі мен төменгі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана мүмкін болды. Ағымдағы жылы Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарында ішкі конкурсқа қатысушы мемлекеттік қызметшілердің 74,1%-ы меритократия қағидатымен жоғарылады.
Мемлекеттік қызметке түсу кезінде заңнаманы білуге тестілеу, құзыреттілікті бағалау және әңгімелесуді қамтитын үш сатылы іріктеу жүйесінен өту қажет.
Сынақ мерзімі енгізіліп, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандардың кәсіби бейімделуі үшін тәлімгерлік институты бекітілді. Мемлекеттік органдағы кадрлық іс-қағаздарды электронды түрде бір жүйеге орталықтандыру және оңтайландыру мақсатында "Е-қызмет" ақпараттық жүйесі енгізілді.
Мемлекеттік қызметке кадрлар іріктеу рәсімдерінің ашықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар мен сарапшылар институты енгізіліп, қашықтықтан әңгімелесу өткізуге жол берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға шетелдік менеджерлерді жалдау мүмкіндігі қарастырылды.
Меритократияны сақтауда және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде қызметшілердің этикалық стандарттарын анықтаған Этикалық кодекс ерекше орын алды.
Әдеп жөніндегі Уәкіл институтын енгізу мен тәртіптік кеңестерді Әдеп жөніндегі кеңестерге қайта құру жолымен этикалық нормалардың сақталуын бақылау жүйесі қалыптасты, олардың негізін қалаушы бағыт ретінде сыбайлас жемқорлық және этикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу айқындалған.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мақсатында, 2019 жылы қарамағындағылардың жасаған әрекеттері үшін мемлекеттік органдар басшыларының тәртіптік жауапкершілік институты енгізілді.
Аталған тәртіптік жауапкершілік заңдылығының орындалуына Агенттікпентұрақты түрде мониторинг жүргізіледі және бүгінгі күнге дейін мұндай жағдайлар орын алған жоқ.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен және тапсырмасымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадрлық резервін құрды. Бұл жоба болашағы зор қазақстандық жастардың 300 бірлігін таңдап, оларды еліміздің түрлі салаларында жауапты қызметтерге тағайындауға мүмкіндік берді.
Осы жоба аясында 12 ақтөбелік жастар Президенттік жастар кадрлық резервіне еніп, қазіргі таңда олар мемлекеттік қызметте және квазисекторда өз қызметтерін жүзеге асыруда. Сонымен қатар, 2021 жылы екінші кезеңінде 50 дарынды мемлекеттік қызметшілер іріктелетін болады.
Ағымдағы жылы өзгерістердің маңызды бөлігі жүзеге асырылды. Сонымен қатар, биыл "Дипломмен ауылға" бағдарламасын ауылдық аппаратқа тарату арқылы мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау күшейтілді. Ақтөбе облысында Әйтеке би және Ойыл аудандары ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері аталған әлеуметтік қолдауға ие болды.
Сондай-ақ, арнайы тексеру кезеңі мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтіліне енгізілді. Құқық қолдану практикасын ескере отырып, конкурстық процедуралар үш сатыдан екі сатыға дейін оңтайландырылды, "А" корпусының кадрлық резерві жойылды, сондай-ақ Президенттің шешімімен саяси лауазымдарға нақты іріктеу қажеттілігін ескере отырып, біліктілік талаптарын белгілеуге болады.
Оған қоса, мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшінің тең дәрежелі лауазымға немесе осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, жоғары тұрған лауазымға конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасуына мүмкіндік берілді. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық өсуіне мүкіндік туғызды.
Мемлекеттік қызмет барысында кәсіби әлеуетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, ротацияға жататын мемлекеттік қызметшілердің шарттары, тәртібі мен санаттары қайта қаралды.
Қазақстандық мемлекеттік басқару және аппарат институтының қалыптасуының тарихи талдауын қорытындылай келе, кәсіби заңнаманың 25 жылдық кезеңі сапалы іріктеуді қамтамасыз етті, қазіргі заманғы ішкі, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық саясатты жүзеге асырудағы міндеттер мен жауапкершіліктерді айқындады деп қорытынды жасауға болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Әділбек Мұқашев