Қарағанды қаласының әкімдігі әлеуметтік жағдайы нашар 130 отбасыға баспананы екі жыл бұрын қағаз жүзінде үлестіріп қойғаны әшкере болды. Алайда Қазақстан ипотекалық компаниясы тапсырысымен салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысы төрт жылдан бері әлі аяқталмаған, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Себебі "Бәйтерек" Ұлттық басқару холдингі қаражатын жұмсап отырған компания мен мердігердің алыс- берістері бітпеген. Оның үстіне жергілікті билік инженерлік инфроқұрылымды тартып беруді кешеуілдетіпті. Ал әлі күнге пәтер жалдап жүрген мүгедектер мен көпбалалы отбасылар қағаз жүзінде елді жарылқаған биліктің "мазағына шыдамаймыз" деп шу шығарды.
Қарағанды тұрғыны Әйгерім Әбілдина мүгедек балаларын сүйреп 8 жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүр. Кезекпен тиген баспананы көргенде жылап жібере жаздапты. 20 жылға жалдамалы негізде берілсе де, түбінде өзінікі болатыны жұбатады. Бірақ қайыршыға жел қарсының кебін киген отбасылар үйіне кіре алмай жүр. Өйткені соңғы бір жарым жылда құрылыс тұралап қалған. Ал әркімнің табалдырығын тоздырғандар жарықты жалғап берсе, толық бітпеген баспанаға "ертең-ақ кіруге дайынбыз" дейді.
Әйгерім Әбілдина, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Өздеріңіз көргендей, үйдің 90 пайызы бітіп тұр. Енді арасында кішігірім жұмысы болса, оны кірген адамдар жөндеп алар еді. Қазіргі шешілмей тұрған негізгі жарықтың мәселесі ғой. Осы бір айдың ішінде соны бітіріп берсе деп, біз, жиналған халық, талап етіміз.
Жұрт құрылыс нысанын екі жылдан бері айналсоқтап жүр. Өйткені кезекте тұрғандарға әкімдік 2019 жылдың желтоқсанында осы баспанадан пәтер үлестіріп берген. Әрқайсысы өз пәтерінің нөмірін біледі. Содан 2020 жылдың наурызында қоныстанасыңдар дегенде бір қуанған. Тамызда тапсырамыз дегенге екінші рет сеніпті. "Тәуелсіздік күнінде қоныс той жасайсыңдар" деп, тағы ант-су ішкен. Бірақ одан бері де бірнеше ай өтсе де, жарымжандарын сүйреп, мүгедек балаларын жетектегендер әлі қаңғырып жүр екен.
Гүлмира Жүлікеева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Тыл ардагері куәлігі бар адамдар бар. Ол кісілер де қаңғырып пәтер жалдап тұрып жатыр. Ол кісілердің арманы мысалы, сүйегім өз үйімнен шықса дейді. Үлкен адам болғаннан кейін, солай емес пе?
Мүгедек жандар бар, жалғыз басты аналар бар. Көп балалы аналар бар. Төрт адамнан жанұя құралса, соның үш адамы мүгедек отбасылар бар. Қала шекарасы шектелетін жерден баспана бұйырғандарға әкімдік өкілі төбе көрсетті. Алайда пәтерді үлестіргеннен өзге айыбымыз жоқ дейді. Тіпті "мәселені шешетін біз емес" деген сөзі жұрттың ызасына тиді.
Құрылысына бір миллиард теңге жұмсалған бес қабатты үй 2018 жылы тапсырылуы тиіс болған. Бірақ жергілікті билік баспанаға от, суы мен жарығын тартып бермей жүріп алыпты. Құрылыстың сағызша созылуынан ішкі әрлеу жұмыстарына келгенде мердігер қаражатты тауысып, аузын қу шөппен сүрткен.
Құрылыс нысанындағы жұмыс соңғы төрт айдан бері тоқтап тұр. Бұған мердігер мен тапсырыс берушінің арасындағы дау-дамай себеп екен. Құрылысшылардың айтуынша қаржыландыру толық бөлінетін болса, бұл насанды екі айың шінде тапсыруға болады. Тапсырыс беруші құрылыстың кем-кетігіне "тағы қаражат шығындауға мәжбүр болдық" деп отыр. Ол ақша мемлекет қаржыландырып отырған "Бәйтерек" холдингіне тиесілі.
Әділжан Қабылдин, "КИК" АҚ техникалық мониторинг департаментінің бас маманы:
- Мердігерді мәжбүрлеп ақау жөндетуге сот шешімі бар, ол 2019 жылдың шілде айында қабылданған. Бірақ та оның ақша тапшылығына байланысты жөндеуге шамасы жоқ. Сондықтан алдымен өз қаражатымызды бөліп, пәтерлерді жөндеп, одан кейін бас мердігерден жұмсалған қаражатты өндіру шешімі қабылданды.
Наразы жұрттың бір айда пәтер кілті берілсін деген талабы орындалмайды. Өйткені құрылысқа жауаптылар баспананы толығымен тек көктемге қарай дайын болады деп күмілжіп отыр.