Асқар Мамин ҚР Премьер-министрі қызметін сақтап қалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында белгілі болды. Оның кандидатурасын Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.
Мамин Асқар Ұзақпайұлы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындау туралы қаулы жобасын дауыс беруге ұсынамын. Дауыс беріңіздер. Экрандағы нәтижелер: 99 қатысушы, 78-і - қолдады, 21-і - қалыс қалды. Шешім қабылданды, қаулы қабылданды, - деді Нұрлан Нығматулин.
14 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауынан кейін болашақ премьер-министрдің кандидатурасына қатысты сөз қозғады.
Менің ойымша, сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиындықтарға қарамастан, Үкімет өз жұмысын қалтқысыз атқара білді. Барлық басқа елдермен салыстырғанда, біздің нәтиже - жаман емес. Егер Президент Премьер-министр лауазымына Асқар Ұзақпаұлы қандидатурасын ұсынса, онда мен фракциядан оны қолдауларын сұраймын, - деді Елбасы.
Асқар Мамин 1965 жылы Нұр-Сұлтанда (Целиноград) дүниеге келген. 1987 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, 2003 жылы Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірді.
2019 жылдың 25 ақпанынан бастап ол Қазақстанның Премьер-министрі.