Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары 2021 жылғы 28 қаңтардағы "Май ауданындағы Көктөбе ауылы мен Кеңтүбек ауылының аумағында қатаң шектеу карантиндік шаралар енгізу туралы" жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды zakon.kz.
Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарында 2 апталық жаңа карантиндік шектеу шаралары енгізілді.
Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Ақылбекованың қаулысымен Май ауданындағы Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жаңа шектеу шаралары енгізілді. Аталған ауылдарда санитарлық бекеттер орнатылып, сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін қозғалыс, соның ішінде жаяу жүру шектеледі.
"Бекеттен жұмыс берушінің мөрі басылған анықтамасы барлар, тіршілікті қамту ұйымдарының қызметкерлері, еріп жүретін адамдарымен бірге медициналық себептер бойынша кіріп-шығатын адамдар және азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек, жанармай тасымалдаушылар өте алады. Сондай-ақ ауылдарда тұрақты тұратын адамдар кіре алады", - делінген қаулыда.
Сонымен қатар, ауыл ішінде 20:00-ден 7:00-ге дейін жүруге тыйым салынады.
Ауыл әкімдері мен ауданның полиция бөліміне бетперде тағу режимі мен әлеуметтік қашықтық, карантин ережелерінің сақталуын бақылау, жасырын түрде өтетін отбасылық шараларды анықтау және оларға жол бермеу тапсырылды.
Оған қоса, жерлеу рәсімдері өткен жағдайда 2 метр арақашықтық, бетперде тағу режимін сақтау, 10-нан астам адамдардың жиналуына жол бермеу талабы енгізілді.
Айта кетейік, аталған қаулы 2021 жылдың 29 қаңтарынан бастап сағат 00:00-де өз күшіне енеді. Бұл шектеу 12 ақпанға дейін белгіленген.