Мемлекет басшысы ұлттық санақты өткізу жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Ұлттық санақ осы жылдың қазан айында өткізіліп, ал 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерді анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін атап өтті.
Президент аталған шарадан мейілінше мол мағлұмат алу үшін сауалнаманың мазмұнына көңіл бөлу қажет екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы азаматтарға аса көп сауал қоймауды және санақты өткізудің оңтайлы жолдарын пайдалануды, оның ішінде, пандемияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеулерді ескере отырып, цифрлық технологияларды кең қолданған жөн деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Премьер-министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Аталған топ ұйымдастыру және негізгі мәселелерді шешумен, сондай-ақ, дайындық жұмыстарын үйлестіріп, оны іске асырумен айналысады.