Қызылорда облысын басқарған бір топ шенеуніктің "Арысқа бөлінген 80 млн теңгені талан-таражға салды" деген айыппен ұзақ мерзімге сотты болғаны белгілі. Енді осы істі мұқият зерттеу барысында, тергеу мен сот тарапынан бәлки қасақана, бәлки, "байқамай" қалған бір дерекке назарыңыз ауады.
ҚР қылмыстық-процессуалдық кодекстің 28 бап 1-тармағында "Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi" деп көрсетілген. Яғни, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының қылмыстық іске қатысы бар-жоғын анықтауда оның алибиі де маңызды рөлге ие. Полиция тілінде "алиби" деген қылмыс болған уақытта "күдікті қайда болды?" деген мәселе.
"Әкімдер ісінде" Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Мұрат Имандосовтың оқиға орнынан жүздеген шақырым алыста болғаны қаперге алынбаған.
Әңгіменің басын ашып алу үшін, сол оқиғаны қайта еске алайық. Мысалы, сол кезде Қызылорда облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шаменовтың тергеушіге берген жауабын алып көрелік. "2019 жылдың 8 тамызында мені облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Мұрат Имандосов кабинетіне шақырып алып, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқан төрт фирмаға 20 млн теңгеден қаржы аударуды тапсырды" дейді. Асылбек Шаменов дереу М.Имандосовтың алдынан шыға салып, "Сыр мейірімі" қорының жетекшісі Сапура Әбдірахимова мен облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковты шақырып алып, әкім орынбасарының тапсырмасын жеткізіпті-міс! Бірақ дәл бұл уақытта, яғни 8 тамызда облыс әкімі орынбасары Мұрат Имандосов Қызылорда қаласындағы кабинеті тұрмақ, облыста жоқ еді. Мұрат Имандосов 2019 жылдың 6 тамызынан бастап, 18 тамызға дейін Арыс қаласында іссапарда жүрген. Ал А.Шаменов "кабинетіне бардым" деген 8 тамыз күні Мұрат Имандосов кешкісін Арыстан шығып, Шымкент қаласындағы қонақ үйде түнеген. Іссапарға кеткені жөніндегі құжаттарын тергеуге алибиін дәлелдеу үшін өткізген де болатын. Қылмыстық қудалау органы бұл құжаттарды іс-қағаздарына тіркесе де, негізгі шешім қабылдарда ескермеген. "Неге?" деген заңды сұрақ туады. Оның логикалық түйіні төмендегі оқиғалар желісінен табылатын секілді.
Куәгер Асылбек Шаменовтың алғашқы тергеу мен одан кейінгі тергеу кезінде және сот барысында әу баста берген түсініктемелерін бірнеше мәрте өзгерткен. Тәжірибе бойынша, айыпталушы, күдікті немесе куәгердің тергеуде берген алғашқы жауабы маңызға ие және одан кейінгі жауаптар алу кезінде бірінші тергеудің жауабымен салыстырылуы керек. Бірақ Асылбек Шаменов жауабын қанша рет өзгертсе де, алғашқы жауаппен қарама-қайшылық күдік туғызбаған. Мәселен, Асылбек Шаменов бірінші жауабында "Мен Мұрат Имандосовтың кабинетіне кіргенімде, ол жерде екі адам отырды. Шамамен, құрылыс басқармасының мамандары болуы керек" дейді. Бірақ нақты екі адамның аты-жөнін, түр-түсін "есінде сақтамаған". Ал сот барысында "кабинеттен екі адам шығып бара жатты" дейді. Олардың кімдер екенін тағы да айтып бере алмайды. Өте маңызды қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында ол екі адам неге қалтарыста қалып қойған? Тергеуші мен анықтаушы Шаменовтың жауабындағы екі адамның "силуэтін" неге анықтап, жауап алмаған? Мұрат Имандосовты бұлтартпай, аяқ-қолымен "матап" беретін нағыз құнды куәгер осы екі "жұмбақ жан" емес пе еді?!
Сот барысында Мұрат Имандосовтың "сонда мен сізді кабинетке шақырдым ба?" деген сұрағына, "жоқ, көмекшіңіз шақырды" деп жауап берген. Ал тергеу кезінде өзін толық ақтап шыққан бұрынғы көмекші М.Тасқараев Шаменовты кабинетке шақырмағанына және ол күні М.Имандосовтың іссапарда жүргеніне куәлік еткен. Бірақ сот осы құжаттар жиынтығы мен көмекшісінің берген дәлелдемелерін назарға алмаған. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бап 4-тармағында "Айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс" деп айқын жазылған. Бірақ дәл осы жағдайда қылмыстық-процессуалдық кодекстің бұл бабы жүзеге аспай қалған.
Тағы бір қызығы, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары М.Имандосовты "қылмысты" деп тануға негіз болған әрекеті – экс-әкім Қ.Ысқақовтың "арам ойын" Әлсеріковке жеткізді деген тұжырым екендігін ескерсек, дәл осындай әрекетке барған, яғни сол тапсырманы келесі сатыға жеткізіп, үйлестірген Асылбек Шаменов неге жауапкершілікке тартылмайды деген заңды сұрақ туындайды. Яғни, тергеу мен сот барысында Мұрат Имандосовқа тағылған айыптардың заңдылығына деген күмән қоюлана түседі. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19 бап 3-тармағы "Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да күдіктінің, айыпталушының, сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс", - делінсе, істі жүргізген сот та айыптаушы жақтың ұстанымында "қатып" тұрып алған секілді.
Ал енді "төрт фирмаға ақша аудару туралы" тапсырма Асылбек Шаменовке кімнен түсті? Қылмыстық қудалау органдары мен сот бұл сұрақтың жауабын таппады немесе оны табуға құлықты болған жоқ. Сондықтан, Мұрат Имандосовтың мойнына оп-оңай "іліп" жіберген секілді.
Есесіне, жауаптарын сан мәрте өзгертіп, "әкімдер ісін" финишке жеткізген Асылбек Шаменов айыпталушы болудың орнына "куәгерге" айналып кетті. Қатпары көп қылмыстық істе аты-жөні аталған тұлға керісінше, мемлекеттік қызметтен шеттетілуі керек еді. Бұл оқиғада бәрі керісінше. Мемлекеттік қызметте Шаменовтың "тасы өрлей" жөнелді.
Осы "қойылымдардың" өзі "әкімдер ісі" бойынша еріксіз, небір түрлі ойларға жетелейді екен...
Тоқтар Жақаш, журналист