2021 жылғы 1 наурызда Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) жаңадан тағайындалған бас директор Н.Оконджо-Ивеала қатысуымен Дүниежүзілік Сауда Ұйымы Бас кеңесінің отырысы барысында 2021 жылғы қарашада Женевада ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясын (МК-12) өткізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды zakon.kz.
ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы, Жаңа Зеландияның Елшісі Д.Уолкердің ақпараты бойынша, ДСҰ мүшелерімен консультациялар барысында короновирустық пандемияға және жаңа штаммдардың пайда болуына байланысты 2021 жылғы 21-24 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында МК-12 өткізудің мүмкін еместігі атап өтілді.
Бұл ретте ДСҰ мүшелері осы жаһандық іс-шараны 2021 жылдың соңына ауыстырудың және оны Қазақстанның төрағалығымен Женевада өткізудің орындылығы туралы пікір білдірді. Бұл ұсынысты ДСҰ Бас кеңесі консенсуспен қабылдады.
ДСҰ-ның бірқатар мүшелері МК-12 өткізудің жаңа мерзімдері мен орны бойынша қабылданған шешім алға жасалған үлкен қадам болып табылатынын және ұйым үшін басты мәнге ие екенін атап өтті. ДСҰ жанындағы Тұрақты Өкілдер Қазақстанға ашықтығы, икемділігі және ДСҰ-ға мүше барлық елдердің мүддесі үшін Женевада МК-12 өткізуге келіскені үшін, сондай-ақ іс-шараны өткізу орнының өзгеруіне қарамастан МК-12 төрағасы болуға дайын екені үшін алғыс білдірді.
Қазақстан делегациясы ДСҰ-ның мүшелеріне біздің еліміздің 2020 жылы Нұр-Сұлтанда МК-12 қабылдау туралы ұсынысын, содан кейін жаһандық коронавирустық пандемияға байланысты МК-12-ні 2021 жылдың маусымына ауыстыру туралы ұсынысын бірауыздан қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, covid-19 пандемиясынан туындаған сақталып отырған белгісіздік пен шектеулерді ескере отырып, Қазақстан ДСҰ-ға мүше елдердің ағымдағы жылдың соңында Женевада МК-12 өткізудің орындылығы туралы пікірімен келісіп, МК-12-ге төрағалық етуге дайындығын растады.