Қытай мен Қазақстан арасында Қытайдың оңтүстігіндегі Наньнин қаласы мен Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласымен байланыстыратын жаңа жүк теміржол бағдары іске қосылды, деп хабарлайды zakon.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Сенбі күні Наньнин халықаралық теміржол портынан ауыр құрылыс техникасы бар 49 контейнер тасымалдайтын пойыз шығып, жөнелтілген сәттен бастап 13 күн ішінде Қазақстан астанасына жетеді. Ұзындығы 5 031 шақырым болатын бұл бағдар "Қытай –Еуропа" халықаралық теміржол жүк тасымалы аясында іске қосылды.
Жаңа бағдар іске қосылғанға дейін мұндай тасымалға 45 күннен астам уақыт кететін, – деп мәлімдеді қытайлық Guangxi Construction Engineering Group Construction Machinery Manufacturing компаниясы.
China Railway Nanning Group компаниясының өкілі Чжоу Сытунның айтуынша, жаңа бағдар "Бір белдеу – бір жол" бастамасындағы Наньниннің рөлін арттыруда үлкен маңызға ие.
Естеріңізге сала кетейік, Қытай билігі "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында "Қытай – Еуропа экспресін" дамыту мақсатында темір жолдар мен өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға ниетті.