Арыс, Кентау қалаларында электр желілері қалпына келтірілді

Оқиға орындарында жарық беруші компанияның 20-дан астам бригадасы мен 100-ден астам адамы, 30 техникасы жұмылдырылған.

Түркістан облысында ауа-райының күрт өзгеріп, толассыз жауған жауын-шашынның арты бұрқасын дауыл мен қарға ұласып, салдарынан Бәйдібек, Отырар, Ордабасы ауданы мен Кентау және Арыс қаласының кейбір елді мекендері ішінара жарықсыз қалған еді. Зардап шеккен Арыс пен Кентау қаласында жағдай тұрақталды. Кентау қалалық жылу электр стансасы іске қосылып, электр желілері жөнделді, дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ал, қалған үш ауданда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Техногенді сипаттағы табиғат апатының салдарын жою бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жинында баяндалды. Ауа - райының қолайсыздығынан электр сымдары үзіліп, 2 мыңнан астам электр бағаналары құлаған. 20 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған.

Сирек кездесетін құбылыс. Өте қатты жаңбыр, жел, мұз, аяз. Салдарынан облыста 2 мыңнан астам электр бағаналары құлады. Соған байланысты іс-шара жасауымыз керек, деді облыс әкімі аппарат отырысында.

Табиғаттың тосын мінез танытуынан орын алған апатты жағдайға байланысты штаб құрылып, мәселені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз бақылауына алған болатын. Облыс басшысы зардап шеккен аудан әкімдеріне қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуды тапсырды.

Жиында сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының басшылығы Ордабасы ауданындағы жағдай жақын арада тұрақталатынын жеткізді. Ал, Отырар мен Бәйдібек аудандарында қайта қалпына келтіру жұмыстары бір айға созылмақ.

Бір ай дегенді естімейтін болайын. Бір аптаның ішінде бәрін орнына келтіру керек, деп кесіп айтты Өмірзақ Естайұлы.

Соңғы екі тәуліктен кебір табиғат апатынан болған жағдай бойынша қалыпқа келтіру жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Оқиға орындарында жарық беруші компанияның 20-дан астам бригадасы мен 100-ден астам адамы, 30 техникасы жұмылдырылған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: