13 сәуірде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов және басшының орынбасары Данияр Ақуан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жөніндегі құзыретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер туралы айтып берді.
Алдағы уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыратын болады.
Олардың ішінде Кодекстің 6 сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы 2 құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты 7 құқықбұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.
Ғалымбек Досанов өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса лауазымды тұлғалар үшін көзделген жауапкершілік туралы айтып берді.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғаларға бұл жағдайда 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Дәл осындай жағдай сыйлық берушілерге де қатысты. Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұлға тартылады, бұл шамамен 600 мың теңге, – деді Ғалымбек Досанов.
Спикер қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болмауы ретінде алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасының 2 АЕК аспауын, алдын ала уағдаластықтың не сыйақыны бопсалаудың болмауын атап өтті.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін лауазымды тұлғаларға 300 мың теңгені құрайтын айыппұл жазасы қарастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілікті көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады - деді Данияр Ақуан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамау деп – "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңда белгіленген бірқатар талаптарды атайды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағыларының сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі, квазимемлекеттік секторда міндетті комплаенс-қызметтерді енгізу.
Сондай-ақ, спикерлер бұрын жемқорлық қылмыстарын жасаған тұлғаларды жұмысқа қабылдау фактілері үшін айыппұлдың қарастырылғандығын атап өтті. Данияр Ақуан бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтінін хабарлады.
Спикерлер брифинг барысында ӘҚБтК сыбайлас жемқорлық баптары жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат беріп, шара соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.