"Қара тізімге" ілінген 1,5 млн қазақстандық несие ала алмай жүр

Олардың ішінде 489 мыңы 5 жылдан астам уақыт бұрын несиесін кешіктіріп төлеген, ал 7 жыл бұрынғысы - 346 мың және 10 жыл бұрынғысы - 107 мың адам.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысындағы Қазақстан Республикасындағы банктік, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу талқысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов қазақстандықтардың несие жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.

Әбдірахмановтың айтуынша, агенттік экономикалық талдау жүргізген.

Қазіргі уақытта елімізде екі несиелік бюро жұмыс істейді. Онда 6,7 миллион қарыз алушының мәліметі бар: оның ішінде белсенділері, қайтарылған несиелер мен мерзімі өткен несиелер туралы ақпараттар қамтылған, - деп түсіндірді ол.

Оның ішінде 1,5 миллион азамат несиелерін төлеп үлгерді, бірақ олар "нашар несиелік тарихқа" ие, себебі олар 90 күннен астам мерзім өткеннен кейін, яғни қарызын кешіктіріп өтеушілер болған.

Осыған байланысты банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл адамдарға жаңа несие беруден бас тартады. Олардың ішінде 489 мыңы 5 жылдан астам уақыт бұрын несиесін кешіктіріп төлеген, ал 7 жыл бұрынғысы - 346 мың және 10 жыл бұрынғысы - 107 мың адам. Сондықтан нашар несиелік тарихы бар адамдарды тізімнен сызуды 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту экономикалық және әлеуметтік жағынан да қоғамға үлкен әсер етер еді, - деді агенттік өкілі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: