ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бәсекелестікті дамытудың жаңа тәсілдері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ресурсына сілтеме жасап.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин 4 кодекс пен 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан Бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырды.
Заң жобасы экономиканың негізгі салаларында бәсекелестік ортаны кеңейтуге, сондай-ақ байланыс, темір жол жүк және жолаушылар тасымалы нарықтарының, әуежайлар қызметтерінің, АӨК, көмір, фармацевтика, құрылыс және басқа да тауар нарықтарының жұмыс істеуіне бағытталған бәсекелестікті дамытудағы жаңа тәсілдерді қарастырады.
Заң жобасы бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік және экономикалық кедергілерді жоюға бағытталған. Заң жобасында ұсынылған шараларды іске асыру таяу келешекте мемлекеттің ел экономикасындағы қатысу үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал бәсеке еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі болатын басты қағидаттардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан бәсекелестіктің ұзақ мерзімді жаңа саясатын жасаудың маңызы зор. Бұл бәсекелестік пен "жұмсақ құқық" құралдарын кеңінен қолдануға неғұрлым жетілдірілген жағдайлар жасауды талап етеді, мұның өзі заңнаманы бұзу қауіптерін төмендетуге жол ашады, – деді А. Мамин.
Премьер-Министр бәсекелестікті дамыту биржалық сауда құралдарын тарату және негізгі инфрақұрылымдық қуаттарға қол жеткізу шарттарын кеңейту арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.
Үкімет басшысы мемлекеттік және жеке операторлардың түрлі салалардағы қызметін реттеу нормаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.