Сотталғандар Нельсон Мандела күнін атап өтті

Сотталғандар арасында бейнелеу өнерінен шеберлік сабағы өтті.

Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай ІІМ ҚАЖ комитеті БҰҰ есірткіге және қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірге сотталғандар арасында онлайн және офлайн түрде бейнелеу өнерінен шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.

Онлайн шеберлік сабағына республикамыздың әр облыстарындағы түзеу мекемелерінен сотталғандар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сабақты жүргізген қазақстандық суретші Асхат Ахмедияров сотталғандар арасындағы суретшілердің өнеріне қолдау көрсетіп, олардың шеберліктерін шыңдай түсу үшін сурет өнерінің қыр-сырын үйретті.

Шеберлік сабағы барысында Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 және ЛА-/6 түзеу мекемелеріндегі сотталғандар да өз өнерлерін көрсетіп, сабақтың қызықты өтуіне белсене араласты. Солардың бірі – ЛА-155/6 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Асхат. Ол көгілдір аспанға бойлаған тау баурайының сұлулығын салу арқылы өзінің болашақтағы арманы мен мақсатын қыл қаламмен өрнектей білді. Сонымен қатар шеберлік сабағына қатысқан барлық сотталған-суретшілердің салған суреттері бір мақсат, бір арманды бейнеледі десе де болады. Ол арман – тезірек еркіндікке шығып, отбасына оралу, бақытты да жаймашуақ өмір сүру.

Сотталғандардың шабытын оятып, шеберлігін шыңдау, сол арқылы оларға болашақ өмірде қателікке жол бермеуге үндеуді мақсат еткен сабақтың мазмұнды да пайдалы өтуіне ерекше мән берген мекеме басшылары жазалыларды сурет салуға қажетті құралдармен толықтай қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: