"Ashyq" бизнеске карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді - Мамин

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.

Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі жағдай туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады, делінген primeminister.kz сайтында.

Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Аурухана төсектері 56%, реанимациялық төсек орындар 44% толы. Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы "қызыл аймақта" тұр. Бүгінгі таңда шамамен 9,4 млн доза вакцина қолданылды, оның ішінде вакцинаның бірінші компонентін 5,5 млн адам, екінші компонентін 4 млн адам алды.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне және Денсаулық сақтау министрлігіне барлық аурухананың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалардың, ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуын анықтау және бақылау тұрғысынан мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды. Үкімет басшысы шектеу шаралары мен кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті.

"Бүгінде “Ashyq” жобасы бизнеске карантиндік шаралар жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді", — деді Асқар Мамин.

Биылғы 27 шілдеден бастап 2 тамызға дейін "Ashyq" жобасына қатысушылар саны 3 есеге – 21 900-ден 67 782-ге дейін артты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: