Қазақстанда 15,7 мыңнан астам шетелдік азамат жұмыс істейді, деп хабарлайды zakon.kz.
2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 15 786 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда.
Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 661 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 283 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 619 адам және 384 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 952 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 887 адам тартылған, делінген Еңбек министрлігі хабарламасында.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 801 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 485 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды.
Еңбек мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3 785 адам, Өзбекстан – 1 982 адам, Түркия – 1 443 адам, Үндістан – 1 031 адам, Ұлыбритания – 948 адам.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.