БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы барысында Қазақстан Республикасы 2022–2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазақстан Кеңестегі жұмысының басым бағыттары гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу болады.
Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады.
Қазақстанмен бірге БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына АҚШ, Люксембург, Финляндия, Литва, Черногория, Аргентина, Гондурас, Парагвай, Бенин, Камерун, Эритрея, Гамбия, Сомали, Үндістан, Малайзия, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері кірді.
Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған болатын.
Адам құқықтары жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы, оның құрамына әлемдегі адам құқықтарын көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді. Кеңес құзыретіне оның назарын талап ететін адам құқықтары саласындағы барлық тақырыптық мәселелер мен жағдайларды талқылау кіреді. Кеңес мүшелері бес өңірлік топтан сайланады және өз міндеттерін үш жыл бойы атқарады. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырыстары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтеді.