Мойынқұм ауданында қой өсірудің даңқты шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы аталып өтті. Бұл бір ғана Жаз-атаның тойы емес, берісі облысымызға, арысы бүкіл республикаға, барша шопандар қауымына ортақ дүбірлі той болды.
Тараз төрінен бастау алған мерейтой Т.Рысқұлов ауданы мен Мойынқұм өңірінде жалғасын тапты.
Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, ауданның Құрметті азаматтары бастаған Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген зиялы қауым өкілдері "Жаз-ата" саябағына жиналып, Жаз-ата ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Жиналған қауым ата рухына құран бағыштап, тағзым етті.
Бұдан соң қонақтар Ж.Қуанышбаев атындағы мұражайда тұлғаның өмір жолымен қолданған заттарымен танысты. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінің кең фойесінде орналасқан "Ж.Жабаевқа 175 жыл", "Ж.Қуанышбаевқа 125 жыл", "Қ.Рысқұлбековке 55 жыл" атты кітап көрмелерімен және ауданымыздағы мектептер мен балабақша ұжымдары дайындаған қол өнер және сурет көрмелерін тамашалады.
"Жалпақ жұрттың Жаз атасы" атты салтанатты жиынды ашқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек шараның маңыздылығына тоқталды.
Мойынқұм елінде болашақ үшін еселі еңбек еткен дара да дана тұлғалар аз емес. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі – бүгінгі 125 жылдық мерейтойы өтіп жатқан атақты жерлесіміз, даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты ұлықтау біздің парызымыз, – дей келе, Жаз-атаның феодализм заманында дүниеге келіп, социалистік заманда еңбек етіп, яғни нарық заманына бет бұрғанда аңызға айналғанын әңгімеледі.
Бұдан кейін аудан әкімі Әлихан Балқыбеков жиналған қауымды Жаз-атаның 125 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жаз-атаның мерейтойына орай биыл "Жаз-ата" саябағына, Ж.Қуанышбаев атындағы музейге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаз ата саябағының Кіре беріс қақпасы, Жаз-ата ескерткішінің тұғыртасы өңделіп, маңайына алқызыл гүлдер егілді. Саябақ алдындағы көше қапталы кеңейтіліп, жарықтар орнатылды, жаңа орындықтар қойылды. Сондай-ақ аудан орталығындағы орталық алаңға да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үлкен сахна орнатылып, ауданның Құрметті азаматтары тақтасы, Жастар арбаты соғылды.
"Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" деген терең ойлы мақалдың айғағы болып отырған Жазылбек Қуанышбаевтың бүгінгі 125 жылдық мерейтойы құтты болсын. Біз Жаз-атадай тұлғаның Мойынқұм жерінде туғанын мақтан етеміз! – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін мерейтойға арнайы жасалынған естелік медальдармен бірқатар азаматтар марапатталды.
Жиын барысында Қызылорда, Алматы облыстарынан келген қонақтар да ізгі лебіздерін білдіріп, орамды ойларын ортаға салды.
Жаз-атаның немересі, Жамбыл обыстық филармониясының әншісі Құрмаш Қуанышбаев, "Жазылбекшілер маршы", "Жамбылым әнін", Шиелі ауданының бас ақыны Жүсіп Кенжебай Жаз-атаның 125 жылдығына арнау әнін айтса, "Тараз" триосы "Жүрегім жаралған ба Мойынқұмнан", "Көк шолақ" әндерін, Бағдәулет Бейсенбаев, "Мойынқұм" триосы қазақтың киелі домбырасымен "Біз сені сағындық қой, Батыр ата", "Мойынқұм – туған жер", "Мойынқұмда" әндерін әуелете шырқады. Шиелі ауданынан келген қонақтар Ә.Ноғайбааев, Ә.Тәшімов, Н.Ақтаев, М.Бекпейсовтар "Күләнда", "Айнамау", "Әлқисса" әндерін ұлттық аспапта шарықтата шырқады. Жиын барысында "Қазақстан қара шалы" фильмі көрермен назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек аудандық № 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған ұлттық спорт түрлерінен спартакиада болып өтті. Онда асық ату, арқан тарту, қой көтеру сынды спорт түрлерінен қатысушылар өзара бақ сынасты.
Ал Жаз-Ата 125 жылдығына арналған қазақ күресінен республикалық турниріне іріктеу жалғасуда.