Мұхтар Тілеуберді Жозеп Борреллмен Украинадағы жағдайды талқылады

26 наурызда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық Комиссияның вице-президенті Жозеп Борреллмен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кездесу Дохадағы жыл сайынғы форум аясында өтті. Қос тарап Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін одан әрі нығайтудың перспективалары мен жоспарларын талқылады.

Тараптар 29 саланы қамтитын ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім шеңберінде таяу және орта мерзімді перспективаға арналған өзара іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы сұхбаттасын Мемлекет басшысының күшті азаматтық қоғамы бар «жаңа Қазақстанды» құру бойынша елде жүргізіліп жатқан реформаларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Аталған реформалар жоспары қоғамды жаңартуға, ал «Екінші республика» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару моделін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде, Еуропалық Одақ дипломатиясының басшысы республикадағы ауқымды өзгерістер бағытына берік қолдау білдірді және Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда қолғабыс көрсетуге дайын екенін білдірді. ЕО ҚР-дағы ең ірі сауда серіктесі және инвестор болып табылатыны белгілі.

Сонымен қатар, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Украинадағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігеріне ерекше назар аударылды. Тілеуберді сұхбаттасын Қазақстанның қақтығысты делдалдық қызметтер арқылы дипломатиялық жолмен шешуге жәрдемдесуге, сондай-ақ зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екендігіне сендірді.

Бұған қоса, ҚР СІМ басшысы Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялардың Қазақстанға жанама әсерін бірлесіп талқылау және ынтымақтастық салаларын, атап айтқанда транзиттік жолдарды әртараптандыру мүмкіндіктерін одан әрі қарастыру қажеттігіне сұхбаттасының назарын аударды.

Тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету үшін тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: